Úı ANONS Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасады

Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасады

Қазақстанда неке қию көрсеткіші төмендеп, ажырасу жиілеген. Өткен жылы 114,5 мың неке тіркелді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8%-ға аз. Ал ажырасу көрсеткіші, керісінше, 12%-ға артқан. Былтыр 45 мыңнан астам отбасының шаңырағы шайқалды. Сарапшылар бұған жаһандық үрдістер, яғни адамдардың кеш үйленуі мен жеке бостандықты жоғары қоюын, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық түйткілдерін  себеп санайды   

Қазақстандағы шамамен әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады. Егер осыдан үш жыл бұрын 100 некенің 14 ажырасумен аяқталса, өткен жылы бұл көрсеткіш 40-қа жеткен. Сарапшылар мұны жаһандық үрдістің бір бөлігі деп санайды: адамдар отбасын құруды кейінге қалдырып, жеке еркіндік пен өз өмірін өз бетінше жоспарлау мүмкіндігін көбірек бағалай бастаған.

СНХ. ҚҰРАЛАЙ МҰХАМБЕТОВА, Л. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ӘЛЕУМЕТТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Бұл — жаңғыру нәтижесі, заман ағымы мен әлемдік үрдіс. Меніңше, бұған қарсы тұрудың қажеті жоқ. Адамдар кеш есейеді, сәйкесінше, кеш үйленеді. Балалы болу туралы шешім қабылдағанда жауапкершілік көбірек, кейде эгоизм де басым болады — әркім өз әлеуетін толық жүзеге асырғысы келеді».

Тағы бір маңызды фактор — елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай. Жалақының төмендігі, жұмысқа орналасу қиындығы және қолжетімді баспананың тапшылығы отбасылардың беріктігіне әсер етуде.

ГҮЛНАР ОМАРОВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: «Баспана мәселесі — ең негізгі түйткіл. Өйткені шаңырақ көтергісі келетін жастардың барлығына ортақ, өздері тұратын қалада ең болмаса минималды баспанамен қамтитын бағдарламалар жоқ. Тіпті кезекте тұрғандар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін де баспана үлкен мәселе болып отыр».

Психологтардың айтуынша, тіпті шаңырақ көтерген күннің өзінде ер мен әйелдің ажырасып кету қаупі жоғары. Қазіргі қоғамда жеке тұлғаның мүддесі жоғары бағаланады, адамдар жалғыз қалудан қорықпайды және бақытты екінші немесе үшінші некеден іздеуге дайын. Дегенмен, отбасы — үлкен еңбек, түсіністік пен қарым-қатынасты тұрақты дамытуды қажет ететін құндылық.

АНАСТАСИЯ УТИНАНС, ПСИХОЛОГ: «Мектеп пен отбасы институты аз дамып жатыр. Қалай жақсы жар немесе ата-ана болу керектігін ешкім үйретпейді, ал мәселелер жиналып қала береді. Мүмкін жас отбасылар үшін арнайы курстар керек шығар. Көбіне келіспеушіліктер бір-бірін ести алмаудан және тіл табыса алмаудан туындайды».

Сарапшылардың пайымдауынша, неке — тек екі жүректің одағы ғана емес, ол күш-жігер мен уақытты талап ететін үлкен жоба іспетті. Ал оған өз ресурсын жұмсауға бәрі бірдей дайын емес.

Ботакөз Әнуар