Úı ANONS 30 отбасыға пәтер кілті табыс етілді

30 отбасыға пәтер кілті табыс етілді

Асар-2 шағынауданында тағы 30 отбасы қоныс тойын тойлайды. Себебі жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы негізінде аймақтан 30 пәтердің кілді  табысталды. Қоныс иелері жылдап үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топқа енетін жандар. 

Бүгін тағы 30 отбасыға Асар-2 шағынауданынан баспана кілті табысталды. Қоныс  тойын тойлаған жанның бірі Ұлжан Сауғабаева. Ол 2017 жылы тұл жетім ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Араға жылдар салып, өз шаңырағына  қол жеткізді. Жаңа пәтердің иесі,  қуанышында шек жоқ екенін айтады.

ҰЛЖАН САУҒАБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ұзақ күттім. Өте әсерлі сезімде тұрмын. Үлкен алғыс. Осы күнге жеткенде бар. Жетпеген де бар. Бізге хабарласты. Бірінші 1414-тен хабарлама келді.  Сол бойынша 9 этажға бардық. Суретін түсіріп алды бәрін рәсімдеп».

Баспана тұрғындарға сатып алу құқығымен берілуде. Ал төлем шартын азаматтардың өзі таңдайды. Шара әлеуметтік осал топқа енетін азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған. Пәтер кілтін алғандар ішінде көпбалалы отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін жандар бар.

ЕРКІН АҚЫНШАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШҚФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ақпан айының соңына дейін қазір 300-ден астам жанұяға кілттер табысталды. Ол арендалық үй бойынша. Және алдында Бозарық мөлтекауданында өздеріңіз білесіздер 50 адамға кілттер табысталды. Одан кейін тағы 50-ге табысталып жатыр. 444 пәтердің конкурсы өтті. Қазір 242 адамы төлем қабілетін анықтап жатыр. Оларға кілттер табысталады наурыз айында. Бүгін, қазір енді түгендеуден күніне 20-30 адамнан өтіп тұрады. Оны басқармаға жіберемін. Осылай аптасына 2-3 реттен кілтті беріп тұрады».

Қазіргі таңда Шымкентте 90 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері қала тұрғынына табыстау үшін 544 жалдамалы пәтер іріктелген. Олардың басым бөлігінің қазір келісімшарты рәсімделіп жатыр. Ал жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін мың жарымнан астам адамды баспанамен қамту көзделген.

Әсел Мәлік