Әдеби кешке қаламгердің оқырмандары көп жиналды

Белгілі ақын, жазушы, түркітанушы Сәрсен Бек Сахабат – 60 жаста. Осыған орай облыстық «Отырар «кітапханасында қаламгердің шығармашылық кеші өтті. Әдеби кешке ақынның үзеңгілес-қаламдас достары мен оқырмандары және кітапхана қызметкерлері арнайы жиналды.

Жас ақындар өз шығармашаларын оқып, кештің сәнін кіргізді. Ал өзге де жастар қауымы қаламгердің еңбектерін жатқа оқып берді.  Бүгінге дейін Сәрсен Бек Сахабат Нәзір Төреқұловтың өміржолын зерттеп, ғылыми шығармалар да жазған. Осылайша көпшілік арасында Нәзіртанушы деген атпен танылған Сәрсенбек ақынның 7 жыр кітабы, 3 ғылыми зерттеу кітабы жарық көрген.

Сәрсен Бек Сахабат
Сәрсен Бек Сахабат

Сәрсен Бек Сахабат ақын, түркітанушы: «Әрине, бір жағынан ақын, бір жағынан түркітанушы болу маған қиындық туғызбайды. Адамда тек мақсат, тілек, ниет деген болуы керек. Анам мен кішкентай кезінде «Сен періштесің, сен армандасаң, сол тілек орындалады» деп жиі айтып отыратын. Мен ақын болсам деп армандадым. Арманым орындалды. Содан кейін ізденуді жөн көрдім. Енді, міне, ізденуімнің нәтижесі осы болды. Түркітанушы ретінде елге танылып, азды-көпті еңбектер жаздым. Сондықтан болашақта да ел үшін мұра болар кітаптар жазып, қалдырғым келеді.»

Кітапханада өрбіген әдеби кеште қаламгердің оқырмандары көп жиналды. Осылайша ақын жырларының ерекшелігін айтып, оның бағасын айшықтап құрмет-ықыласына бөледі.

Батырхан Баукенов, оқырман: «Мен ақындардың кітабын талғаммен оқимын. Ал Сәрсенбек ағамыздың шығармаларында шынайылық аңқып тұрады. Бұл ғана емес, үлкен ізденіс пен дәлелді фактілерді де жазады. Ғылыми тұрғыдан қарағанда да тәнті боламыз. Ағамызға шығармашылық табыс тілейміз.»

Әдеби кешке қаламгердің оқырмандары көп жиналды
Әдеби кешке қаламгердің оқырмандары көп жиналды

Айтулы кеш аясында Сәрсен Бек Сахабаттың шығармашылығынан сыр шертер көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, қаламгер осынау асқаралы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы да 6 бірдей өлеңдер жинағы топтамасын шығаруды жоспарлап отыр.