Облыстық жазушылар одағының төрағасы, халықаралық «Физули» сыйлығының иегері, ақын Әбілда Аймақ — 60 жаста. Осыған орай Шымкенттегі №8 кітапханада қаламгердің асқаралы мерейтойын атап өтілді. «Өлең-жырмен биіктесем деп келем» тақырыбындағы поэзия кешіне қаламгердің оқырмандары және үзеңгілес достары да қатысты.
Сезімнің сұлулығы ғана емес, адамның қилы тағдыры да «Махаббат иірімдер»» әнінде суреттелген. Мұны орындаушы мен ақыннан бөлек, әнді ой-түйсігімен қабылдаған тыңдарман да ұғынып отыр. Поэзия кешінде ақын жырларының ерек қасиетін айтып, оны жатқа оқыған оқырмандар көп болды. Ал жас ақын Алтай Бақбер ақын еңбегіне құмартуының құпиясын жасырған жоқ.
Алтай Бақбер, жас ақын:»Өлеңдерін оқимыз, сол арқылы шабыт аламыз, жігер аламыз. Әбілда ағаның еңбектері бізге, жастарға үлкен мектеп, университет десем де болады. Ал ол кісінің өлеңдерінің ерекшелігі — сөздік қоры халыққа өте жағымды, одан кейін біздің қазақы әдебімізді танытып, өлең мен өмірдің шынайы бейнесін қарапайым, барынша қарапайым жеткізе біледі.»
Әбілда Аймақ 18 жасынан бастап өлеңге қалам тартыпты. Содан бері қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырып келеді дейді қаламдастары. Кітапхананың аядай ғана бөлмесінде оқырмандырының ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген ақын әлі жазарым көп деп толқыды.
Әбілда Аймақ, ақын: «Жұрт мені ақын деп жатады, жазушы деп жатады. Бірақ, шын мәнінде көңілім толмайтын нәрселер көп. Олай дейтін себебім, айтам деген ойымды айтып үлгере алған жоқпын осы 60 жылдың ішінде. Қазір көбіне батырлар жырын жазып жүрмін, біраз батырларды жаздым ғой. Енді алдағы жоспарым, осы батырлардың жырын пьесаға айналдырсам деген ой бар.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fBRjUapVsG4[/youtube]
Бүгінге дейін оқырманындарына 17 бірдей кітап сыйлап үлгерген ақынның қаламы мұқалмақ емес. Жуырда Әбілда Аймақтың «Жиденің иісі» және «Жасында жанған жырлар» атты қос кітабы жарық көрмек.