Апатты мектептер жайлы ақпарат сан түрлі

1022 жалпы орта мектебі бар облысымызда оқушыларға орын жетіспеушілігі, балаларды үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмегені былай тұрсын, Республика бойынша алдыңғы қатарды бермей келеді

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Оңтүстік Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 48 мектеп бар, бірақ бюджеттік емес қаржы көздері мен жергілікті бюджет есебінен 2012-2013 жылдары 500 миллион теңге салтанат залына бөліпті.

Елімізде білім және ғылым саласын дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Сәл артқа шегінейік, 2007 жылы қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында республика көлемінде жаңа мектептер салынған. Дәл белгіленген уақытында бітпей, жос-парды кешіктіріп тапсырса да, сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 39 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген еді.

1022 жалпы орта мектебі бар облысымызда оқушыларға орын жетіспеушілігі, балаларды үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмегені былай тұрсын, Республика бойынша алдыңғы қатарды бермей келеді
1022 жалпы орта мектебі бар облысымызда оқушыларға орын жетіспеушілігі, балаларды үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмегені былай тұрсын, Республика бойынша алдыңғы қатарды бермей келеді

Статистикаға жүгінсек, одан бері де облыс көлемінде 2010 жылы — 60, ал 2011 жылы 54 білім беру нысаны салынды. Ал, 2012 жылы 74 нысанның құрылыс жұмыстары жоспарланған. 2013 жылы ОҚО Құрылыс басқармасының жоспарына 86 білім беру мекемесі енгізіліп, жыл соңына дейін 48 нысанның жұмысы аяқталды. Соған қарамай, облыс көлемінде мектеп тапшылығы әлі де бар. 

Жақында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені алға тартты.

– Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 52 мектеп бар, сөйте тұра 2013 жылы бюджеттік емес қаржы көздері есебінен 1,5 миллиард теңгеге өңірде Бокс және күрес сарайы салынған. Оңтүстік Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 48 мектеп бар, бірақ бюджеттік емес қаржы көздері мен жергілікті бюджет есебінен 2012-2013 жылдары 500 миллион теңге салтанат залына бөлініпті, – деді мемлекет басшысы.

Алдымен балалар мектепте жақсылап сауатын ашып, содан соң бос уақытын спортпен айналысуға жұмсаса. Жеңіске жетіп, мәртебесі асқанын содан кейін салтанат сарайында тойласа. Осыны алға тартқан Елбасы биыл республикалық бюджеттен білім және ғылым саласын дамытуға бөлінген 1,5 трлн теңгені тиімді пайдалануды қадағалау қажеттігін ескертті. 

Айдос Исмаилов, ОҚО Құрылыс басқармасы Әлеуметтік нысандар құры-лысы бөлімінің басшысы:

– Биыл республикалық бюджет есебінен 37 нысанның құрылыс жұмыстарына 12,1 млрд, облыстық бюджеттен 66 білім беру мекемесінің құрылысына 17,97 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осы 103 білім беру мекемелерінің 72-сін биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Республикалық бюджет есебінен жүргізілетін 37 нысанның 15-інде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Тіпті, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы 280 орынды балабақша пайдалануға беріліп те қойды.

Біз «пәлен нысан пайдалануға беріледі» деп жоспарлаймыз. Бірақ жұмыс барысында бұл есептер өзгеруі мүмкін. Кейде жоспарды артығымен орындауға мүмкіндік туады. Кейде «биыл қамтылады» деген нысандарды жыл соңына дейін тапсыруға үлгермейміз. Әйтсе де, келесі жылға өткен құрылыс жұмыстарына бастапқы бөлінген қаражат жұмсалады.

Тағы да бұрынғы деректерге шолу жасайық. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде бөлінген қаражаттан 1,5 млрд теңге жымқырылып, сол бойынша 34 қылмыстық іс қозғалғаны баршаға мәлім. Қаржы жымқыру жағынан сол жолы біздің Оңтүстік те алдыңғы қатардан көрінген. Соңғы кездері бұл үйреншікті жағдайға айналып барады. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстың барлығы балалардың, яғни, Қазақстанның жарқын болашағы үшін жүргізіліп жатқан жоқ па? Білім саласына бөлінген ақшаны жымқырып, болашақты «жарқын» емес, «тұманды» етіп алсақ кімге сын? Ендеше, құлқынның қамын шетке ысыра тұрып, мемлекет басшысының айтқанына назар аударайық.

Айтпақшы…

Елбасы Н.Назарбаев Білім және ғылым министрімен кездес-кенде Оңтүстікте апатты жағдайда 48 мектеп барын айтты. Ал біз сұрау салғанымызда облыстық білім басқармасы апатты жағдайда тұрған мектептер санын 30 деп көрсетіп отыр. Неге? 18 мектеп қайда кетті? Бәлкім, облыстағы білім беру мекемелерінің сапасын жақсартуға қарастырылған 30,1 млрд теңге аздық етті ме? Бұл сұрақтың жауабын ОҚО білім басқармасы материалдық-техникалық қамтамасыз ету және құрылыс бөлімінің басшысы Төребек Олжатайдан алдық.

– Біз ОҚО Құрылыс басқармасына апатты жағдайда тұрған 30 мектепті ұсындық, – дейді Төребек Садықбекұлы. – Үш ауысымда білім беретін мектептер мен бала санының көптігіне байланысты кеңейтуді қажет ететін біраз білім ошақтарының жанынан қосымша оқу ғимараты салынады. Жоспарда тек мектеп емес, балабақша мен басқа да білім беру саласының ғимараттары қайта құруды қажет етіп отыр. Сондай-ақ, биыл Түлкібас ауданының Алғабас ауылында 200 орындық, Түркістанда және Қарабұлақ ауылында 900 орындық, Ворошиловка елді мекенінде және жақында ғана қалаға қосылған Сайрам ауылында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Ал, аудан-ауылдардағы мектепті жөндеу жұмыстары бұл есепке кірмейді.

Бюджеттен бөлінген қаражат аздық етпепті, тек кезек күтіп тұрған басқа да ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді екен. Жаңадан салынатын 5 мектептің құрылысы қуантып-ақ қойды. Әсіресе, мектеп жайлы жыры бітпей, мәселесі шиеленісіп кеткен сайрамдықтар үшін жаңа мектептің салынуы өте жағымды жаңалық болғалы тұр.

1022 жалпы орта мектебі бар облысымызда оқушыларға орын жетіспеушілігі, балаларды үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмегені былай тұрсын, Республика бойынша алдыңғы қатарды бермей келеді. Біздің облыста бұл мәселе қашан шешімін табады деген ой маза бермейді. Облыстық білім басқармасының мамандары «сұраныстың көптігі халқы тығыз орналасқан облыстағы бала санының жыл сайын артып келе жатқандығына байланысты. Оның үстіне, бұрынғы кеңес дәуірінен қалған мектептің бәрі жаңартуды, қайта құруды қажет етеді. Шындап тексерсе барлығы да апатты жағдайда тұр. Солардың ішінен кезек күттірмейтін нысандар жоспарға бірінші болып енгізіледі» деп түсіндірді. Бұл сөздер рас та шығар. Өйткені, 2013 жылы жаңа оқу жылының қарсаңында ОҚО ауданаралық экономикалық соты 245 мектепті жабу туралы шешім шығарып састырғаны есімізде.

Облыстық Құрылыс басқармасының жоспарына енген 103 нысанның барлығы мектеп емес екенін ескерген жөн. Басқармадағы әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімінің басшысы Айдос Бақытжанұлының берген мәліметіне сүйенсек, 103-тің 29-ы апатты жағдайдағы мектептер, 8-і үш ауысымды мектептер, 6-ы мектебі жоқ елді мекен, 33-і ыңғайластырылған ғимарат, 9-ы орын тапшылығына байланысты. Сондай-ақ, 12 балабақшада қосымша құрылыс жүргізіледі. Жоғарыда көрсетілген қаражат 5 жаңа құрылыс және 1 балабақшаны қайта құру жұмыстарына да жұмсалады. 34 нысанның жұмысы 2015 жылға өтпелі, яғни биыл бітпейді.

2014-тің 4-ші айы өтіп бара жатыр. Бүгінде 15 нысанның құрылыс жұмыстары басталды. Қалғанына тендер жарияланған, ай соңында қорытындысы шығады. Мамыр айынан бастап жаппай жұмыс қолға алынады. Жыл соңында мамандардың есебімен тағы да танысамыз.

Біз тиісті мекемелердің берген мәліметтерін ғана сөйлеттік. Бірақ неге екені белгісіз, Елбасы айтқан «апатты жағдайдағы мектептер саны ОҚО-да 48» деген дәйек облыстық білім басқармасының айтуы бойынша – 30, ал құрылыс басқармасы 29 деп өзгере берді…

Ақмарал Молдиярқызы