Астана күніне орай Елордада «Аялаған Астана» атты республикалық поп-әншілер байқауы биыл екінші мәрте ұйымдастырылмақ. Басты мақсат – жас дарындардың шығармашылық қабілетін ұштау. Әр қалада өтіп келе жатқан іріктеу кезеңі шымкенттіктерге де келіп жетті. Бұл күні облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығына ата-аналар мен талантты ұл-қыздар көптеп жиналды.
Жеті жасар Жанель италянша ән шырқады. Әділқазылардың қойған сауалдарына да қысылып-қымтырылмай жауап берді. іріктеу кезеңінен сүрінбей өтсем дейді өзі.
Байқауға келіп, бақ сынауға ниеттенген ұл-қыздардың өнеріне талантты әнші Гүлнұр Оразымбетова мен Батыр Байназаров баға берді.
Сарыағаштан үрмелі аспабын арқалап Рамазан да жетіпті, Ол Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлау» әнін орындамақ. Өнерлі отбасында өсіп келе жатқан Рамазан домбыра, гитара, күйсандық сынды аспаптарда шебер ойнай алады екен.
«Аялаған Астана» республикалық ән байқауы 3 кезеңнен тұрады: іріктеу, жартылай финал және финал. Жеңімпазды 1 миллион теңге мен «Детская новая волна» халықаралық ән байқауы күтіп тұр. Талапты балалардың таланттарына біз де сүйсіндік. Сәттілік серіктері болса екен!