Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ! Ащы сөзімен ашындырған журналистер енді бірнеше жылға сотталуы мүмкін. Өйткені билігі мен байлығы барлар өздеріне жақпас сөз айтылса, «Ар-ұжданымды қорлады», «Жала жапты» деген бапты алға тартады, ашығын айтқан тілшінің басын сотқа сүйрейді. Мұны естігендер іске бүгінен бастап кірісіп кетіпті.
Тарс жабылған есіктер, тілшілерсіз өтетін жиындар, мемлекеттік мекемені өзінің меншігіне айналдырып, журналистке күзетін қарсы қоятын басшылар. Тізе берсең, кете береді. Соңғы кезде тілші қауымы көп жерде шақырылмаған қонақтың кебін киіп қалып жүр. Шырқырап шындықты айтпаса да шынайы ақпарат тарату үшін Оңтүстікте кедергі көп.
Түрлі деңгейдегі баспасөз хатшылары «қажетті деп тапқан ақпаратты» күнделікті эфирден көріп жүрсіз. Халыққа керегі шамалы сияқты. Сенбейді. Себеп те бар. Көкейдегі сауалға жауап алмаған халықты экран алдында ұстап отыру да оңай емес. Жанға бататыны — керек ақпараттың тұншығып жатқаны. Өйткені біздің өңірде жемқорлық пен заңсыздықтың жолын кесетiн журналистік зерттеу жүргізу қиынның қиынына айналған. Журналистердің тынысын мәдениетті түрде тарылтып тастаған. Оған қолдарына ресми дерек ұстаған құзырлы органдардың ақпаратпен бөлiсуге деген құлықсыздығы басты себеп.
Арай Есенбек, журналист: «Мемлекеттік органдарға сұраныс хаттар жазамыз. Ол хаттарға жауап келмей жатады. Келсе де өте кеш келіп жатады. Тележурналистикада бүгінгі жаңалық ертеңгі тарих болып қалады. Сол себепті бүгінгі болған жағдайды халыққа бүгін жеткізуге міндеттіміз. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік органдар олқылықтарға жол беріп жатады.»
Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның 20-бабы: «Журналистiң ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға, мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға құқы бар.»
Бірақ, бұл заң толықтай жүзеге асып отыр деп айта алмаймыз. Айтпақшы, Қылмыстық кодексiнiң жаңа заң жобасы қабылданса, түрмеге түсетiн журналистердiң қатары да күрт өсуi мүмкiн. Олардың басым бөлігі Оңтүстіктен болып шықса, таң қалмаңыз. Өйткені, «Жала жабу» бабына сәйкес тiлшi қауымын бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Тамара Калеева, “Әдiл сөз” сөз бостандығын қорғау ұйымының төрайымы: «Соңғы кездерi журналистердi осы бап бойынша айыптаушылардың қатары көбейдi. Демек, бұл бап журналистермен қатар ақпарат берушi қарапайым адамдарды да қорқытудың құралына айналды. Бұдан былай журналистердiң зерттеумен айналысуы қиындайды. Зерттеу жасалмаса, қоғамды жемқорлық жайлайды. Осы бiзге керек пе?»
Бек Абиев, КТК телеарнасының тілшісі: » Жала жаппау үшін журналистерге толыққанды ақпараттар қолжетімді болуы керек. Ал бізде ондай жоқ. Қысқаша баспасөз-релизімен шектелеміз. Артық нарсе сұрайтын болсаң, тергеуге қысым деп шығады. Қаржы полициясы болсын, полиция болсын. Журналистер байкот жариялайтын болса, өз басым қосылар едім.»
Тосқауыл. Қоңырау. Шымкенттік вариант. Төртінші биліктің аузын жабуға тырысып бағуда. Әлі келе ме, келмей ме, уақыт көрсетеді. Тек қынжылтатыны — өзі жазған заңды өздері бұзғандар «Жала жабу» бабын қылмыстық іс ретінде қарауға екі қолын көтеріп, белсеніп отыр. Себебін халық айтпаса да түсінеді. Бірақ… бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!