Биыл мақта алқабы 33 мың гектарға қысқарды

Мақтаның емес, жеміс-жидектің аралы. Мақтаарал ауданының шаруалары табыс табудың соны әдісіне көшті. Өйткені сорланған жер мен жыл сайынғы су жетіспеушілігі аудандағы қожалық иелерін сары уайымға салып тастап еді. Енді бау өсіріп, байлыққа кенелеміз деген мақтаралдықтар жеміс-жидекті баптаудың қыр-сырын ұғынуға тырысып жүр.

Мақтаарал ауданы болашақта жеміс-жидектің отанына айналады десек, таң қалмаңыз. Өйткені мақтадан көрі, жеміс-жидектен мол өнім түсетінін білетін шаруалар мұнда интенсивті бау өсіру ісіне кірісіп кеткен.

Бау өсіремін деген шаруаға үлгі болған — аудандағы «Арсенал Сад» ӘКК. Жемісті өсірудің түрлі технологиясын пайдаланып жатқан шаруашылық биыл жүзімді өсірудің итальяндық әдісіне көшкен. 600 гектар жерде жеміс-жидектің барлық түрі бар. Тек, бабын білсеңіз болғаны.

Кезінде 120 мың гектар алқапқа мақта еккен шаруалар қазір оның көлемін 94 мыңға азайтыпты. Биыл тағы да 7 мың гектар танапта ақ алтын, жеміс-жидек немесе жоңышқа жайқалатын болады. Яғни, мақта алқабын 33 мыңға гектарға қысқартып отырған мақтааралдықтар бұл шаруадан үлкен пайда түседі деп отыр.

мақта

Серік Тұрбеков, Мақтаарал ауданының әкімі: «Мақта дақылының 1 гектарынан шаруа 1,5-2 мың доллардан пайда табады. Ал егер осындай бау ексе, онда пайданы 50 мың долларға дейін жеткізуге болады деген есеп бар.»

Бау өсіруге биыл мыңнан астам шаруаның бүйрегі бұрып отыр. Дәл осындай қарқынмен жұмыс істесек, алдағы 3 жылда аудандағы бақшаның ауқымы 4,5 мыңға жетеді дейді жергілікті билік. Қазір сол азаматтарға субсидия беру мәселесі қаралып жатыр екен. Біле жүріңіз, елімізде жыл сайын 280 мың тоннаның жемісі өсіріледі екен. Ал республикадағы жеміс-жидекке деген қажеттілік 700 мың тоннаны құрайды.