Шымкент іргесіндегі Чапаевка атанып кеткен елдімекенде тағы да жарылыс болды. Бұл жолы бір адам ауыр жарақат алған. Естеріңізде болса, 12 мәрте жарылыс ұйымдастырған үш азамат он күн бұрын ғана ұзақ мерзімге сотты болған еді. Енді жарылыс қайталанбайды деп алаңсыз отырған шымкенттіктер аяқ астынан тағы дүрлікті.
Жарылғыш затты қойған азамат бұл жолы да бұрынғы тәсіл бойынша әрекет еткен. Белгісіз зат әдеттегідей есіктің алдына көміліпті. Ал оны басып кеткен 23 жастағы жігіт аяғынан айырылып, ауруханаға түскен.
Сәбит Байбосынов, Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі: «Науқастың оң табанының жартысы жоқ. Жарадан қан кеткен. Операция, сосын хирургиялық сұрыпталу жасалып, қан тоқтатылды. Қазіргі таңда науқас жарақат бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оң аяғынан түбегейлі айрылды деуге болады.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-JzdvDX3jZ0[/youtube]
Бүгінде науқастың жағдайы орташа қанағаттанарлық. Түн ішінде болған жарылысты көршілердің көбісі естіген. Жергілікті тұрғындар далаға шығуға қорқып қалғандарын айтады.
Тұрғын: «Жарылысдың даусы қатты естілді. Дәл бір газ баллоны жарылғандай. Адамдардың айқайлаған даусын естідім. Бірақ далаға шығуға қорықтым. Оқиға басына келген полицейлер аяқ басар алдында сақ болыңыздар деп ескертті.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7zzkG6GHJI8[/youtube]
Айта кетерлік жайт, бұл жолы жарылыс жасаған адам есік алдына қойылған бейнекамераға түсіп қалған екен. Ондағы жазбаны полицейлер алып, тергеуге кіріскен. Бұл қайғылы жағдай бұрынғы жарылыстарға ұқсас болғандықтан, тәртіп сақшылары бірнеше болжам жасап отыр.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының жеткшісі: «Қазіргі таңда сараптама тағайындалды. Криминалистер қандай жарылғыш зат екенін анықтап жатыр. Осы жайтқа байланысты Қазақстанның қылмыстық кодексінің адам өлтіруге оқталу фактісіне қатысты бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып,тергеу амалдары жүргізілуде.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=caOfYiuIx2U[/youtube]
Еске сала кетейік, Чапаев ауылындағы жарылыстар 2012 жылдан бері дүркін-дүркін орын алуда. Жақында ғана 12 жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған үш азамат сотталған еді. Жергілікті халық енді ғана тыныш өмір сүреміз дегенше тағы оқыс оқиға орын алып отыр.