«Елбасының сыныптастары». Шымкентте осылай аталатын жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы шараға зиялы қауым өкілдері және жас қаламгерлер мен мемлекеттік қызметкерлер арнайы шақырылған.
158 беттен тұратын еңбектің авторлары — Н.Әбішұлының сыныптастары Роза Төлемісова, Рая Сиразитдинова мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Баяқтияр Тайжан. Мемлекет басшысының балалық шағы, өмір жолы мен кемеңгерлігінен сыр шертетін кітап Шымкент қаласындағы «Алтын ұя» баспаханасында басылған.
Роза Төлемісова, ҚР Президентінің сыныптасы: «Бақытты жанның бірімін десем, артық айтпаймын. Себебі, Елбасының сыныптасы ретінде оның балалық шағын, өмірдегі қалыптасу сәтінің куәгері болдым. Нұрсұлтанның алдында көп белестер болды, көптеген қиындықтар кездесті. Соның бәрін артта қалдырып, елі үшін тер төгіп жүр. Ал кітаптың ерекшелігі де сол. Халқымыз «Естігеннен емес, көргеннен сұра» деген. Біз көргенімізді қағазға түсірдік. Мұның бәрі тарих. Қазір сыныптастар арасында отызымыздың көзіміз тірі. Сондықтан осы кітапта бірге өткізген балалық шағымызды, сол кездегі ойнайтын асық ойынын, қыздарымызбен вальс билейтін шақтардың бәрін де еске түсірдік. Жүрегімізбен, жанымызбен осы кітапты жазып шықтық.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=SaRB8i82nao[/youtube]
Елбасының өзі туған жері — Үшқоңыр жайында айтқан алғы сөзінен бастау алған кітап әзірге 3000 данамен жарық көріпті. Айта кетейік, Елбасының сыныптастары жуырда осы кітаптағы оқиға желісі бойынша фильм түсіріледі деп жоспарлап отыр.