«Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына — биыл 2 жыл. Осыған орай ұжым Шымкентте алғаш рет есеп беру кешін өткізді. Тағдырдың тәлкегіне мойымай, мүмкіндігі шектеулі болса да өнердің өрлеуіне үлесін қосып жүрген жандардың кешін біз де тамашалап қайттық.
Сезімнің сұлулығы мен махаббатқа деген риясыз құрмет көрініс тапқан биді көпшілік тапжылмай тамашалады. Ләззат пен Ермек бұл нөмірді дайындау үшін 1 апта дайындалған. Қос ғашықтың жүрек қалауы мен арманына бүгінгі халі кедергі бола алмады.
Ермек Қалымбетов, «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «Әрине, үлкен қобалжу болды. Адамдар мұны қалай қабылдайды екен деп ойладым. Бірақ, мен қазір қуанып отырмын. Себебі, өз өнерімді көптің алдында еркін көрсете білдім. Алдағы уақытта да өнеріммен мәдениет саласына өз үлесімді қосқым келеді.
Ләззат Әлібекова, «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «Арманым орындалғандай, төбем көкке жеткендей болдым. Барлығы да халық үшін. Солардың үмітін ақтау үшін. Осы қоғамдық бірлестікке келгеніме 6 айдан енді ғана асты. Сондықтан болашақта өз өнерімді танытамын деп ойлаймын.»
Осыдан 2 жыл бұрын құрылған «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінде бүгінде 23 өнер иесі қызмет етеді. Тынымсыз дайындық пен үлкен еңбектің арқасында үлкен сахналардан көрініп жүрген бірлестік мүшелері осы уақытта талай соқпақ жолдан өтті.
Гүлбаршын Жайлымысова, «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Барлық қиындықтан өттік, алғашында бізде сахналық костюм болған жоқ. Тіпті музыкалық аппараттарымыз да жоқ еді. Міне, осындай мәселелердің барлығы да қаржыға келіп тірелді. Амал жоқ, жер-жерде концерт өткізіп, жасаған қолөнер бұйымдарымызды сатып, қаржы жинадық. Алдағы жоспарларымыз көп. Барлығы да халықтың алдында жүзеге асады. Сол күнге жетейік!»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=mN3CDycPmW8[/youtube]
Мүмкіндігі шектеулі болса да жүрегі бір, тілегі бір жандардың кешіне келген жерлестеріміз өнердің телегейлігін тағы да мойындады. Айта кетейік, бүгінде «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің Шымкенттен бастау алған шығармашылық кеші еліміздің барлық ірі қалаларында жалғасын таппақ.