Девальвация нарықтағы бағаға әсер етпейді деген шенеуніктердің уәдесі — бос сөз. Өйткені, нарықтағы азық-түліктің нарқы бұрынғымен салыстырғанда 20-дан 100 теңгеге дейін қымбаттаған.
Мұндай мәліметті шаһардағы сауда орындарын аралап, «Нарық пен халық» қоғамдық қабылдауын өткізген «Нұр Отан» партиясының мүшелері жайып салды. «Нұротандықтар» қарапайым халықтың «Баға шарықтап барады» деген сөзін қос қолдап қолдайды. Өйткені, расы да сол. Тіпті, билік мүшелері базарларға сараптау жүргізу барысында жұмыс істеп тұрған әлеуметтік сауда орындарын да көрмегенін растады. Ал бар болған күннің өзінде онда бүгінде азық-түлік арзан бағада сатылып жатқан жоқ екен.
Мүбарак Тешібаева, қала тұрғыны: «Мәселен, әлеуметтік сауда орындарында құмшекер — 190, картоп — 130 теңге, ал сәбіз 100 теңгеден сатылып жатыр. Барлығы базардағы бағалар. Ешқандай әлеуметтік бағаны көріп тұрғаным жоқ.»