Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің ең басты азық-түлік орталығына айналады. 2016-2020 жылдары толықтай жүзеге асатын жобаның жалпы жұмыстарын қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары әзірлеп жатыр. Бұл дегені, алдағы жылдарда азық-түлік саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің қатары күрт өседі деген сөз.
Сайрам ауданындағы сүт зауыты бұрыннан-ақ ағарғанымен өңір жұртын қамтып келе жатқан серіктестік. Бұл жердің 10 түрлі өнімінен жергілікті жұрт пен Шымкент, Түркістан, Кентеу, Сарыағаш, Төлеби, тіпті, Тараз қаласының халқы да дәм татып жүр.
Уәлихан Жамалбек, зауыт директоры: «Мынау — біздің жаңа цехымыз. «Сайрам сүт» өнімдеріне сұраныс көбейгеніне байланысты біз жаңа заманауи цех ашуды көздедік. Ескі цехта күніне 8 тонна сүт өндіретін болсақ, жаңасында орта шамамен 40 тонна ағарған өндіреміз.»
Кәсіпкер сұранысты қанағаттандыратын жаңа цехының көмегімен Қазақстандағы өзге де алып қалаларды өз өнімімен қамтуды жоспарлап жүр. Өңірдегі әрбір бизнесмен өз шаруасының ауқымын дәл осылай кеңейтсе Оңтүстіктің азық-түлік орталығына айналуына әлеуеті жетеді.
Тайжан Мырзазия, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Бұл жоба бойынша 2014-2020 жылдарға арналған бағдарлама қаралған. Егер осы жоба іске асатын болса, 2016-2017 жылдары Оңтүстіктің азық-түлік орталығы болуы түгелдей іске аспаса да, 80-90 пайызға жүзеге асады деп ойлаймын.»
Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының сөзіне сенсек, қазіргі таңда жылыжай, тамшылатып суғару, ет, сүт өндіру, жалпы, азық-түлік өндіру саласында зерделенген жұмыстар қауырт жүріп жатыр. Бұл ретте мамандар, әсіресе, ауылдағы ағайынды кәсіпкерлікке тартуда үлкен қажыр-қайрат жұмсауда.