Олар оралған жоқ

Жанболат Бозбаевтың (Ерсұлтанов) (ортадағы)

Газетіміздегі «Олар оралған жоқ» атты бастама жайлы естіп-біліп, оқып-көріп, құлағдар болғаннан кейін соғыс даласынан оралмаған бауырын, туысы туралы бір дерек іздеп, редакциямызға келіп жатқандар көп. Солардың бірі көпбалалы ана Мамырбаева Айдан.

Жанболат Бозбаевтың (Ерсұлтанов) (ортадағы)
Жанболат Бозбаевтың (Ерсұлтанов) (ортадағы)

– Біз отбасында 14 перзент едік. Ең кенжесі — мен. Ағам Орынбаев Әбдіхалық әскерге 1939 жылы кетіпті. Ол кезде 2 жасар едім, — дейді Айдан әжей. Әскери борышын өткеруге аттанған ағасының Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға шақыртылғанын біледі. Соңғы хат Украина жерінен келіпті. Ол қай жылы келгенін бүгінде ешкім айта алмайды. Айдан әжейдің сөзінше, одан кейін мүлдем хат-хабар болмаған. Суреті де сақталмаған. Білетіні, Абай саябағында Даңқ мемориалында ағасының аты-жөні жазулы.

Сұм соғыс жалмаған туысы жөнінде дерек іздеген кісінің бірі — Әлия Қыдырбаева. Әлия өзінің редакциямызға жолдаған хатында: «Біздің әулеттен соғысқа кетіп оралмаған атамыз Әмзе Иманбердиев. Ол кісі соғысқа бұрынғы Алғабас ауданы, Бозбұтақ колхозынан кеткен. 1939 жылы Киров каналына жұмысқа кетіп, орыс қызға үйленген. Сол орыс әйелінен Дәуренбек атты бала қалды. Соғысқа кетерінде әйеліне «өз күніңді өзің көр, баратын жерің болса кете бер» деп рұқсатын беріп кетіпті. Сонымен орыс апамыздан да, баладан да хабар жоқ. 1941 жылы  қыста хат келген, соңғы хаты да осы болған. Абай саябағындағы мемориал тақтада  Иманбердиев Ә. деген фамилия екі рет кездеседі. Атын толық жазбаған соң күдікпен қарайсың, сол ма әлде аттас па деп. Баласы  Дәуренбек тірі болса, жетпіс жастан асты, хабарласқысы келсе редакцияға хабарын берсе болар еді» деп жазады. 

Сондай-ақ, Әлия Қыдырбаева редакциямызға келіп, тағы да басқа хабар-ошарсыз кеткен туыстарының бар екенін айтады. Солардың бірі – Жанболат Бозбаев немесе Жанболат Ерсұлтанов. Құжатында қай фамилиямен жазылғаны белгісіз. Осы екі фамилияның бірі. Әпкесі Қыдырбаева Күләйдің қайынатасының ағасы екен. 

Әлия Қыдырбаеваның айтуынша, Жанболат Бозбаевтың (Ерсұлтанов) (суретте ортадағы) туған жылы анық емес. Отбасында екі ағайынды болған. Соғысқа қай жылы кеткені де беймәлім. Анығы, майдан даласына Алғабас ауданынан (қазіргі Бәйдібек ауданы) аттанған. Соңғы хат 1943 жылы келген. Одан кейін хабар-ошар болмапты. Қолда бары суреті ғана. Шымкент мемлекеттік мұғалімдер институтының тарих және тіл-әдебиеті факультетін 1939 жылы тәмамдап, сонда курстастарымен бірге түскен суреті сақталыпты. 

Құрметті оқырман! Майдан даласынан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен жоғарыда жазылған азаматтар жайында қандай да бір дерек білсеңіз, редакциямызға хабарласуыңызды өтінеміз.

Жәнібек НҰРЫШ