Жаңалықтар 

Пара алу әсте-әсте, ұсталып қалу бір пәсте

Пара алу әсте-әсте, ұсталып қалу бір пәсте
Пара алу әсте-әсте, ұсталып қалу бір пәсте

Парамен ұсталған шенеунік, сыбайласқан жемқор, бизнесін көлеңкеге жасырған кәсіпкер. Дәл осы үш қылмыскердің көптігінен алдымызға санаулы ғана елдер түсе алады. Әсіресе сіз бен біз тұрып жатқан күнгейде тіпті өршіп кеткен. Қаржы полициясының ресми мәліметінше Оңтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық пен пара алу, пара беру көрсеткіші бойынша республикада бірінші орында тұр. Біріншінің жақсысы да бар, жаманы да болады ғой. Бірақ, қылмыстың көптігімен біріншіміз деп мақтанған жарамас. Өткен аптада ОҚО Қаржы полициясының баспасөз хатшысы Эльвира Қадірсізова журналистердің басын қосып, соңғы 3 айдағы жұмыстарының қорытындысын баяндаған еді. Неше түрлі сорақы қылмыстардың болғанын естідік. Бір айта кетерлігі, қылмыскерлер жүздеп тұтқындалып, жағаны ұстатып жатса да көпшілікке сабақ болмаған. Қылмыстың саны әлі де көп. Тіпті бұрнағы жылдардан да арта түскен.

Алдымен цифрларды сөйлетсек. Жыл басталғалы Қаржы полициясының ОҚО бойынша департаменті 265-тен аса қылмысты анықтапты. Бұлардан мемлекетке келген қаржылай шығын да қомақты, бақандай 700 млн теңге. Оның 600 миллионы өндірілген. Алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекетке келген шығынды өндіру көрсеткіші біршама жоғары. Ал енді сыбайлас жемқорлық пен лауазымын асыра пайдалану бойынша қылмыстарға келсек, олар да аз емес. Мәселен, жұмысқа орналастыру үшін пара аламын деп 9 адам ұсталған. Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғандар – 12. Қызметте жалғандық жасау дерегі бойынша 37 іс ашылыпты. Бұған қоса бюджет қаражатын ысырап еткендер де бар. Олардың саны – 9. Пара алу және беру бойынша – 26 кісі істі болған. Жалпы айтар болсақ, жемқорлық санатына жататын 91-ге жуық қылмыстық іс қозғалыпты. Келтірілген залал – 107 млн теңгеге тең. Оның 90 пайыздайы өндірілген.

Эльвира Қадірсізованың айтуынша, сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстардың көбісін білім беру саласының қызметкерлері жасапты. Мұнда 29 іс тіркелген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 12 рет заң бұзса, өзін-өзі басқару органдары 57 мәрте қылмысқа жол берген.

Соңғы кездері мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында неше түрлі шикіліктердің шығып қалып жатқаны белгілі. Осындай бағдарламаларды іске асыру кезінде бюджет қаражатын ысырап етіп, талан-таражға салу бойынша 20 қылмыстық іс тіркелген екен. Оның ішінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша – 9 іс, «Агробизнес» – 7, «Балапан» бағдарламасы бойынша 4, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша – 6 қылмыс орын алған. Сондай қылмыстардың бірнешеуін назарларыңызға ұсына кетсек. Таяуда Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Н.Кенжеғұл И. деген азаматтан жеке кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында салынған ғимаратты мемлекеттік қабылдаудан өткізу үшін 40 мың теңге пара сұрапты. Алып жатқан жерінен қаржы полициясына ұсталып қалады. Бүгінде аталмыш қылмыстық іс сотқа жолданған.

Тағы бір мысал. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті №3 Еңбекші аудандық медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Ө.Керімқұлов осында істейтін бас маман У. Деген азаматпен алдын-ала келісіп, 3 бірдей кісіні мүгедектікке шығарып беру үшін әрқайсысынан 50 мың теңгеден пара сұрайды. Параны алу үстінде қолға түскен. Тиісінше қылмыстық іс те қозғалған.

Жоғарыда айтылған жемқорлық және пара алу фактілерінің жылдан жылға арта түскенін қаржы полициясының ресми өкілі де растап берді. Дегенмен, мұндай қылмыстар санының арта түскені азаматтардың өз заңды мүдделерін қорғауды үйреніп, қандай да бір құқықбұзушылықпен кездескен жағдайда тиісті құқық қорғау органдарына хабарласып, қарым-қатынас орната бастағанымен байланыстырды. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықпен күресуге азаматтық ұстанымды белсенді ету үшін «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу» туралы Үкіметтің бекіткен қаулысы да өз септігін тигізіп жатса керек. Осындай белсенділік таныту бойынша да біздің өңір алғашқы орында. Биылдың өзінде 7 азамат сыйақымен марапатталып, 1 млн теңге төленіпті.

Баспасөз брифингінде заңсыз ойын бизнесінің де өршіп тұрғанын білдік. Оңай ақша табуды көздегендер халықты құмар ойындарына тартуды тоқтату былай тұрсын, үдете түскен. Осыны білетін қаржы полицейлері құмар ойындарын ұйымдастырушылар мен олардың ғимараттарын анықтап, әшкерелеу мақсатында бірнеше рет рейд жасапты. Нәтижесінде 367 ойын автоматы, 22 компьютерлік блок, 1 терминал, 450 мың теңге алынған. Сонымен қатар, 5 онлайн казино анықталыпты.

Білетініміздей, Қаржы полиция-сының көлеңкелі экономикамен күресінде басым бағыт ретінде жалған кәсіпкерлікпен күресу болып белгіленген. Олай болатындай да жөні бар. Себебі бұл заңсыздықтың кесірінен мемлекет қауіпсіздігіне зиян тиеді. Қаржы полициясының өкілі Э.Қадірсізова жыл басынан бері осындай 18 жалған кәсіпкерлік дерегі анықталғанын баяндап берді. Мұнымен бірге Департамент қызметкерлері жалған кәсіпкерлердің жұмысын жүргізуге тікелей қатысы бар банк қызметкерлерін анықтауға да күш салып жатыр екен. Әр жалған кәсіпкердің артында заңнамалардан және салық жүйесінен толық хабары бар қылмыстық топтар жұмыс атқаратын көрінеді. Одан бөлек, жалған және әдейі банкроттық фактілері бойынша қылмыстарды анықтау агенттіктің ерекше бақылауында.

Шыны керек, біздің облыста халыққа аса үлкен қауіп төндіріп тұрған проблеманың бірі – жалған ақша жасаумен, оны сатумен байланысты қылмыстар. Бұл бойынша жыл басынан бері 4 қылмыс анықталған. Бірақ, сол жалған ақшаны шығаратын цехтар мен тұлғаларды анықтау қиынға соғуда.

Қаржы полициясының негізгі жұмыстарының бірі – азаматтардың арыз-шағымдарын толық және уақытылы қарау, олардың қойған сауалдары бойынша кеңес беру екені мәлім. Департаментке жыл басынан бері осындай 1109 арыз-шағым келіп түсіпті. Оның 107-сі ұжымдық арыз. Э.Қадірсізова аптаның әр бейсенбісі азаматтарды қабылдау күні, әр сенбі сайын Департамент басшылығы бекітілген кестеге сай аудандық орталықтарда қабылдаулар өткізеді дейді. Арыз-шағымдарды қарау мерзімі қысқартылған, азаматтар уақыты мен қаражатын үнемдей отырып, сұрақтарына тиісті жауап, кеңес алуына мүмкіндігі бар.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz