Облыстық мүгедектерге арналған мамандандырылған кешенді спорт мектебінде үлкен қуаныш. 12-13-ші сәуір күндері Астана қаласында қоларбамен билеуден Қазақстан республикасының чемпионаты болып өтті. Облысымыздан қатысқан Александр Швыганов және би үйретушісі Дарья Жұмаділлаева өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орынмен оралды.
Жарыстың ұйымдастыру алқасы Оңтүстік спортшыларына арнайы құнды сыйлық пен алғысхат табыс еткен. Облысымызда қоларбамен билеу бөлімінің ашылғанына жарты жылдай ғана болған. Соның өзінде жерлестеріміз ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мектебіндегі осы топта қоларбаға таңылған үш жұп би өнерін үйреніп жүр.
Сондай-ақ, осы жылдың 5-15-ші сәуірі күндері құлағы нашар еститіндер арасында Алматы қаласында өткен шахматтан Қазақстан республикасының чемпионатына 3 спортшымыз қатысты. Берік Тұрманов 2-орын, Мейірман Пернеев 3-орынды иеленіп, қос спортшымыз 2014 жылы Хорватияда өтетін шахматтан бүкіләлемдік олимпиадаға жолдама алды.