Қалалық №7 футбол мектебінің жастары ересектер арасында алғаш рет топ жарды. Ел Кубогын сарапқа салған сайыста бұл команда жүлделі болады деп бапкерлер күтпеген де болатын. Күміс медальға таласқан жерлестеріміз өз қақпасына автогол соғып алып, Көкшетаулық қарсыластарынан ғана жеңілді. Кейінгі матчта қарағандылықтардан басым болып, облыс тарихында алғаш рет үшінші орыннан көрінді.
Нұрлан Орынбаев, қалалық №7 футбол мектебінің директоры: «Жарыстың нәтижесі көңілден шығып отыр. Көкшетаулықтармен ойында қақпашы қорғаушымен бірге қателік жібермегенде, екінші орыннан көрінер ме едік… Дегенмен, бұл жетістік те жаман емес. Қыздар маңызды ойын көрсетті. Соңғы екі жылдан бергі еңбегіміздің жемісін енді көріп отырмыз деуге де болады. Енді ел чемпионатында топты жарсақ деп отырмыз.»
Команданы болгариялық маман жаттықтырады. Шетелдік бапкер келгелі қыздардың доп тебу техникасы өзгерген. Пас беріп, қақпаға доп бағыттауды да олар осы спорт ордасында үйренді.
№7 футбол мектебінің 13-14 жасар қыздары да республикалық турнирде жүлделі болды. Теңбіл доп жарысында жерлестеріміз бір алтын және бір қола медальды қоржынға салды.
Биыл қыздар командасы Европа ареналарында да ептілік танытуға тырысады. 17 жасар футболшыларымыз биыл Болгарияда өтетін кәрі құрлық біріншілігінде сынға түсетін болады.