«Жұманов» көлік базарынан тағы шу шықты

370

Көпшілікке «Жұманов базары» атымен таныс көлік базарынан тағы да шу шықты. Мұнда «Базарды жабамыз» деп сот орындаушылар тағы келді. Құзырлылардың қолында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымы бар. Кезінде 49 жылға жерін жалға берген Бадам орман шаруашылығы сотқа шағымданып, базар басшылығына келісім-шартпен берген аумақты қайтаруды талап етіп отыр екен.

Базарды жабуға кедергі жасағандарды автобусқа салып әкетті
Полицейлер базарды жабуға кедергі жасағандарды автобусқа салып әкетті

Базар маңына бетон кедергілерді артқан «Камаз» келісімен, бірден айқай мен жанжал басталды. Базар жұмысшылары мен әкімшісі кіре беріске кедергілерді қоюға табанды қарсылық танытты. Бірден келісімге келе алмай, екі жақты текетірес басталды. Нысан басшылығы шешіммен мүлдем келіспейтінін жеткізді.

Айжан Байзақова, автобазар әкімшісі: «Ұйғарым емес, соттың шешімінен кейін жабуға болады ғой. Бүгін біз базарымызды жабатын болса, бүкіл әйелдер өз-өзін өртеуден тайынбайды деп айттым. Мен өзімнен бастаймын.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=eyInbLiVI70[/youtube]

Қожайыны жоқ нысанға қырғидай тиіп отыр деген базар әкімшісі қорғаушы да жалдапты. Ол да кәсіпкерлікке қиянат келтіріліп жатыр дейді.

Михаил Родцев, «Жұманов» автобазарының қорғаушысы: «Дәл қазіргі арыз Бадам орман шаруашылығынан түсіп отыр. Бұл шағым осымен бір емес, екінші мәрте қаралып жатыр. Осыған дейінгі сот біздің пайдамызға шешілген болатын. Сондықтан судьяның сол бір талап-арызды қайта қыбылдап алуға құқығы жоқ.»

базардың кіре беріс жеріне кедергі қойылды
Базардың кіре беріс жеріне кедергі қойылды

Ал сот орындаушыларының діттегені — сот төрағасының ұйғарымын орындау.

Дәмеш Әбілова, облыстық сот актілерін орындау департаментінің Әл Фараби аумағы бойынша бөлім басшысы: «Атқару парағында жеке кәсіпкер Жұманованың пайдалануындағы Шымкент қаласы Ташкент тасжолы бойындағы учаскеде орналасқан автосалон, қонақ үй, дәмханалар, халық тұтыну тауарларын сататын дүкендердің, қойманың, өндіріс ғимараты, сауда павильонының жұмысын соттың тиісті шешімі шыққанға дейін тоқтату деген атқару парағы келіп түскен.»

Табанды қарсылықты күтпеген полицейлер сот қаулысын орындауға кедергі келтіргендерді автобусқа салып әкетті. Базарға кіре беріс аумаққа ақыры кедергілер орнатылды. Енді нысанның алдағы тағдыры сотта шешілмек.