Оңтүстікте 100 теңге алатын зейнеткер барын бұған дейін де жазған болатынбыз. Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауыл округінің саяжайында тұратын жалғызбасты атайды іздеуі жоқ десе де болады. Ал жергілікті атқамінерлерді оның мұндай мүшкіл халімен біздің тілшілер таныстырған болатын.
Василий Лёвочкин есімді қария — 83 жаста. Он жылдан бері Шұбарсудағы аузы-мұрны жоқ лашықта тұрады. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ. Өйткені өзі бар-жоғы 100 теңге зейнетақы аламын дейді. Қарттық келіп, атай алжыған дерсіз. 83 жастағы зейнеткерке мемлекеттен 45 500 теңге зейнетақы тағайындалған. Бірақ ол ақша өзінің емес, құдайы көршісінің қалтасына түсетін көрінеді. Сондықтан болар, Василий Левочкиннің бүгінгі халі мүшкіл.
Өткен жолы қария сөзге келмеген. Тек «өлуге дайындалып жатырмын» дегеннен артық сөз айтпап еді. Бұл жолы бізді көре сала «Мені ертерек қарттар үйіне алып кетсе екен» деді.
Шұбарсу ауыл округінің әкімдігі арнайы комиссия құрып, атайдың тұрақты мекенжайын анықтап, құжаттарын тапқан. Бүгінгі таңда әлеуметтік сала қызметкерлері жалғызілікті жанды қарттар үйіне орналастыру үшін құжаттар әзірлеуде екен.
Әнуар Тұрсынбаев, Шұбарсу ауыл округі әкімдігінің әлекметтік сала қызметкері: «Бір-екі аптаның көлемінде, ұзаса бір айдың көлемінде, қарттар үйіне немесе мүгедектер үйі бар ғой, сол жерде орын болған жағдайда бұл кісіні апарамыз.»