«ҰБТ-ға дайындалу барысы мен бағыты қалай» деген сауалдың салмағы арта түсуде. Бұл сұрақ қазір мектеп бітіруші түлектерді, олардың ата-аналарын, мұғалімдер қауымын қатты толғандырады. ҰБТ-ға байланысты соның ішінде Қазақстан тарихы пәніне қатысты алыпқашпа пікірлер мен реніштер жыл сайын айтылады. Ал ҰБТ-да Қазақстан тарихы пәнінің мақсаты – мектеп саласындағы білім беруді обьективті бағалап, оқушының білім алудағы жоғарғы нәтижелерге қол жеткізу талпынысын қанағаттандырып, ынтасын арттыру.
Өкінішке қарай, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты кейбіреулер «тест жүйесі робот сияқты тәрбиелеп жатыр. Бұл жүйе енгізілгелі оқушылардың өз ойын жеткізуі, түсіндіруі атымен жоғалып барады, білімді бағалаудың бұл жүйесі өзін-өзі ақтамады» деген желеу сөздермен ҰБТ жүйесін жарамсыз еткісі келеді. ҰБТ-ның ең басты ерекшеліктерінің бірі білімі толық түлектердің өз деңгейін толық ашып көрсетіп, гранттық білім алуға барлығына бірдей тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беру. Бұл жүйе білімді бағалаудың таптырмас әдісі деп айтпасақ та, ғалым, Асқар Жұмәділдаев әзірге бұдан артық жүйе ойлап табылған жоқтығын растайды. Емтиханға қарағанда тиімді, әрі әртүрлі тәсілдермен берілген жауап нұсқаларын таңдап алуға мүмкіндік бар. Енді, ҰБТ технологиясына, ұйымдастыруы мен өткізілуіне орай кейбір келеңсіз, жергілікті факторларды қатаң бақылау жылдан-жылға күшейтіліп жатыр.
«Абылайдың қанша тісі бар?» деген сұрақтар кездесті» дейтін сияқты ақылға сыймайтын келеңсіз әңгімелердің айтылуы өте орынсыз. Осындай бос әңгімелерге байланысты Қазақстан тарихы пәніне қатысты көпшілік қауым арасында «баланың басын қатыру» деген жағымсыз пікір қалыптасуда.
Дегенмен, жыл сайын өткізіліп келе жатқан ҰБТ және кешенді тестілеу барысында жоғары оқу орындарына түсуден үміткерлер тарапынан Қазақстан тарихы пәніне деген кейде дұрыс, кейде бұрыс пікірлер легі толастар емес. Оның ішінде тест тапсырмаларына байланысты, педагог-тарихшылар тарапынан оларға баға беру, қайшылықтарына көңіл аудару, орынды пікірлердің айтылуы тест тапсырмаларын жетілдіре түсері анық. Сыни пікірлермен келісе отырып, кейбір, дұрыс құрастырылмаған тапсырмаларға ортақ жауап іздеу түптеп келгенде ортақ пікірге, ортақ ұстанымға жеткізері сөзсіз. Бірақ баспасөз беттерінде, кейде телеарналарда төмен көрсеткіш көрсеткен талапкер мен ата-анасы тіпті кейде мұғалімі тарапынан айтылатын алыпқашпа сөздердің, мысалы «Абылайдың қанша тісі бар?», тағы да басқа толып жатқан ақылға сыймайтын келеңсіз әңгімелердің айтылуы өте орынсыз. Осындай бос әңгімелерге байланысты Қазақстан тарихы пәніне қатысты көпшілік қауым арасында «баланың басын қатыру» деген кейбір жағымсыз пікірлер қалыптасуда. Ықылым заманнан қоныс теуіп келе жатқан атамекен жеріміздің, сол мекен қонысындағы бабаларымыздың жүріп өткен жолы – қасиетті тарихымызды оқытуды «баланың басын қатыру» деп қарамауымыз қажет. Осыған орай қоғамдағы әртүрлі орын алған кейбір пікірлермен келісе, келіспей отырып, өз ойымызды ортаға салсақ. Біздер бұл жерде кейбір авторлардың инемен құдық қазғандай іздеп жүріп тауып алған, дұрыс деп таппаған тапсырмаларын баспасөз беттерінде жалаулатып жүргендерін ақтап алайық деп отырғанымыз жоқ. Тест тапсырмаларына талапкерлер тарапынан түкке тұрғысыз деген пікірлер мен көзқарастардың қалыптаспауына жол бермеу деп түсінген ләзім болар.
3 жылдан кейін жақсы ұстаздың оқушысы бұрынғы 50%-дық деңгейден 90%-дық жоғары деңгейге көтерілсе, ал нашар ұстаздың оқушысы 37%-ға төмендеген.
Біріншіден, тест тапсырмалары оқушылардың өз білімін, таным-түйсігін, ой-өрісін ауызекі ашық түсіндіре жеткізуіне жол бермейді деген пікірге тест жүйесінің еш әсері жоқ. Бұл қазіргі кездегі компьютерлендіру, оқулықтан гөрі бала санасын жаулап алған интернет жүйесінің, ашық айтқанда тікелей қоғамның кінәсі. Оған ендігі жерде ешқандай тосқауыл жоқ, себебі, бұл қоғамның даму үрдісі. Сіз ендігі жерде оқушыға қазақтың кеңестік әдебиетінің негізін қалаған қаламгерлер еңбегін оқыта алмайсыз. Бұл қоғам сананы тұрмыс билеген қоғам екенін ескеруіміз керек. Дей тұрсақ та, мектеп қабырғасында оқушының шығармашылық қабілетін дамытуына, білімін кез келген жағдайда көрсетуіне, өз ойын күнделікті сабақта ашық жеткізуіне, толық мүмкіндік бар, оған ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ. Мектепте сабақ барысында маңызды тарихи оқиғалар туралы шығарма жазсын, мазмұнын айтып талассын, өз орталарында пікір сайысын өткізсін. Осыған орай «оқушы ойы шегеріліп қалды, балалардың санасына кері әсерін тигізіп жатыр» деген пікірлердің тест жүйесіне қатысты еш негізі жоқ. Керісінше, оқушының шығармашылық қабілетін арттыруға, мектеп қабырғасынан сапалы білім алып шығуына барлық мүмкіндік жасалуда, оны көрмейтіндер ғана көрмеуде. Сонымен қатар мұғалімдер білімін көтеру, оларға қойылатын талап та күшейтілуде. Оқушыға ешқандай қиянат жүрмейді, білім тек ізденумен, «инемен құдық қазған» еңбекпен және оған оқытушы тарапынан бағыт-бағдар көрсетумен ғана келеді. Сондықтан нәтижеге жеткісі келген кез келген талапкерге білімге құрмет, жан тазалығы, рухани күш-қайрат қажет.
Екіншіден, тест тапсырмаларының дұрыс құрастырылмауы, даталардың көптігі, кейбір Қазақстан тарихына қатысы жоқ тапсырмалардың енгізіліп кетуі деген пікірлер айтылып та, жазылып та келеді. Осы арада ескерер ең басты жайттардың бірі сапалы тест тапсырмаларын құрастыру үшін сапалы оқулық керек екендігі. Бұны айтып отырған себебіміз қазіргі кезде жалпы білім беретін 6, 7, 8, 9-шы сынып оқулықтарында Қазақстан тарихы Ежелгі кезеңнен басталып қазіргі кезеңге дейінгі аралық толық қамтылып, жүйелі түрде оқытылады. Бірақ бірнеше автордың оқулығы пайдаланылады. Мысалы, 7-сыныпқа арналған Білім және ғылым министрлігі бекіткен С.Жолдасбаевтың «Орта ғасырлар тарихы», осы оқулықпен қатар Н.Бакинаның «Орта ғасырлар тарихы» бар. 8-сыныпта ХVІІІ ғасыр – 1914 жыл аралығын қамтитын Ж.Қасымбаевтың оқулығы, сонымен қатар З.Қабылдинов, А.Қайыпбаеваның оқулығы, 9-сыныпта 1916 жылдан Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихына арналған М.Қозыбаевтың оқулығымен қатар осы кезеңді қамтитын Б.Аяғанның оқулығы, ал 10-11-сыныптарда гуманитарлық және жаратылыстану сыныптарына арнайы бөлек жазылған ежелгі кезеңнен бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралық қайта оқытылып шығатын Қазақстан тарихының төрт оқулығын қосыңыз. Осылармен қатар Қазақстан тарихының көп томдығы, Ұлттық энциклопедия, т.б. тың еңбектері тағы бар. Осындай жағдайда оқулықтар арасындағы деректерде сәйкессіздіктер кездесіп қалып жататындығы шындық.
Қазіргі кезде біздің балалардың көпшілігінде сыныптасы сабақ айтып тұрғанда оны тыңдамайды, тақта алдында тек мұғалім мен оқушы арасында ғана диалог өтіп жатады.
Бірақ тест тапсырмаларын құрастыруда Білім және ғылым министрлігі бекіткен жалпы білім беретін мектептердің 6, 7, 8, 9 сынып оқулықтары ғана басшылыққа алынады. 6-сынып бойынша Ә.Төлеубаев, Т.Садықов, т.б. оқулығы бойынша құрастырылады және ең басты ескерер жайттардың бірі мектеп оқулығынан тысқары бірде-бір тапсырма енгізілген емес және енгізілмейді де. 7-сыныпта С.Жолдасбаевтың оқулығы басшылыққа алынады, дегенмен Н.Бакинаның оқулығымен сәйкес келмейтін кейбір тұстары ескеріледі. 8-сынып бойынша Ж.Қасымбаев және З.Қабылдиновтың оқулықтарында бір-біріне сәйкес келетін нақты оқиғалар, атаулы күндер, мерзімдер толық ескерілген. 9-сыныпта негізінен Қозыбаевтың оқулығы басшылыққа алына отырып, Б.Аяған оқулығы арасындағы сәйкессіздіктер тест тапсырмаларына енгізілмейді. Тест тапсырмаларын құрастыру барысында оқулықта көрсетілген сөзбе-сөз сөйлемдерді көшіріп ала бермей, тапсырманың мазмұны мен оған жауаптардың сәйкестігіне қатаң назар аударылады. ҰБТ тапсырмалары Ғылым және білім министрлігі бекіткен оқулықтармен құрастырылса да жыл сайын ҰБТ кезінде тиісті балл жинай алмаған талапкер мен оның ата-анасы және мұғалімі тарапынан болсын оқулықтардағы қайшылықтарды алға тартып шыға келеді. Тіпті мұрағат және баспасөз материалдарын алға тартатынын қайтесіз. Бұл оқушыны дайындап отырған мұғалімдерге белгілі болса да өзін-өзі ақтағысы келетін ұстаздар тарапынан да жиі айтылады. Оқулықтардағы кемшіліктерге ҰБТ-ның кінәсі қанша.
Үшіншіден, ең үлкен жауапкершілік ұстаз мойнында екенін ескеруіміз керек. Мысалы, АҚШ-та білім деңгейі бірдей 50%-ды құрайтын 8 жастағы оқушыларға 3 жылға жақсы және нашар ұстазды бекітіп тексерген екен. Сонда 3 жылдан кейін жақсы ұстаздың оқушысы бұрынғы 50%-дық деңгейден 90%-дық жоғары деңгейге көтерілсе, ал нашар ұстаздың оқушысы керісінше 37%-ға төмендеген. Екеуінің аралық деңгейі 53%-дық межені көрсеткен. Сондықтан ұстазға жүктелер жауапкершілік өте зор. Ұстаз міндетті түрде Ежелгі Қазақстан тарихынан бастап, әрбір тақырыптың мазмұнын мұқият түсіндіріп, оқиғалар желісін бір-бірімен жүйелі түрде жалғастыра ұғындырып, бала түйсігіне жеткізуі керек және оқушылардың тарихи оқиғалардың себеп-салдарларын өздері ашып, өз бетімен шығармашылық жұмыс жасауына мүмкіндік беріліп, жетекке алынуы тиіс. Сабақ барысында оқушының сөйлеу, ойлау, түсінігін қорыту, ортамен жұмыс істеуі қатаң бақылауға алыну керек. Тақырыпты жүйелі түрде түсіндірмей тұрып жеке есімдер мен атаулы күндерді жаттата беру мұғалім тарапынан оқушыға жасалып отырған барып тұрған жауапсыздық (тіпті қылмыс) деп бағалаған орынды болар. Тарих тек тест тапсырмаларын жаттатумен өлшенбейді. Сіз түсіндірген материалдан оқушы қуанып шығып, оны өзі талдай отырып, одан оқушыға рухани пайда түсуі қажет. Тарих пәнінен атаулы күндерге қатысты сұрақтар өте көп деген пікірлерге келетін болсақ тарихтың өзі белгілі оқиғалар мен уақыт кеңестігіндегі жылнамалар жинағы екенін ескеру керек. Оған қарап даталарды жинап алуда емес. Қазіргі кезде Қазақстан тарихында логикалық тапсырмалар көптеп енгізілуде. Мысалы, «Ерте орта ғасырда Қазақстанның батыс аумағында орналасқан мемлекет» дейтін болсақ, оқушы бұл жерде ең бірінші «Ерте орта ғасырдың» қай ғасырлар аралығын қамтитынын және сол дәуірде солтүстік-шығыста, оңтүстікте қандай мемлекеттердің орналасқанын ажырата білуі керек, сол арқылы салыстыра отырып анықтауы тиіс. «Батыс Сібір генерал-губернаторлығының солтүстігінде орналасқан уезд» деп алынған болса талапкер біріншіден бұл генерал губернаторлықтың қай жылы құрылғандығын оның құрамындағы уездерді және олардың қай аумақта орналасқанын айыра білуі қажет болады.
Төртіншіден, оқимын деген баланы ешкім тоқтата алмайды, тек оған бағыт-бағдар көрсетсең болғаны. Келесі бір шәкірт көп қадағалауды қажет етеді. Ондай оқушыны өзгемен салыстырып, ұрысып-жекудің қажеті жоқ. Оқушы дайындық барысындағы қателіктен қорықпауы қажет, ол ҰБТ-ны тапсырып отырған жоқ, ҰБТ-ға дайындалып отыр. Кеткен қатесін түзетуге мүмкіндігі бар, ең бастысы қатесін түзетуге тырыспайтын оқушыдан қорқыңыз. Қазіргі кезде біздің балалардың көпшілігінде сыныптасы сабақ айтып тұрғанда оны тыңдамайды, тақта алдында тек мұғалім мен оқушы арасында ғана диалог өтіп жатады. Бұны айтып отырған себебіміз, бірде «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының директоры Берік Асубаевтың Жапонияға барған іс сапарларының бірінде «Беке, жапон балаларының біздің балалардан артықшылығы бар ма?» деген сауалымызға, «Жапон елінде сабақ айтып тұрған оқушыны қалған 25-27 оқушы бар шын-ықыластарымен беріле тыңдайтындықтары қатты сүйсіндірді және таңғалдырды» дегені бар еді. Сондай ықыласты біздің де басымызға берсін. Алда талай қайырлы істер, жұлдызды сәттер күтіп тұрғанын ескеріп, оқушыға ең бастысы өзіне деген сенім ұялату керек.
Бесіншіден, тағы бір ескерер жайт – оқушы тағдырын тек қана мектеп мұғалімдерінің мойнына артып қоймай, ата-ананың жауапкершілігін арттыру қажет. Байқау тест тапсырмаларынан 11-сыныпта математика пәнінен 5-сыныптың бір немесе екі есебін шығару жолымен шығара алмаған оқушының және соны біле отырып баласын ҰБТ-ға итермелейтін ата-ананың іс-әрекеті ар-ұждан тарапынан қалай болар екен. Барлық жауапкершілікті мұғалімге артып кінәлаудан бұрын, әрбір ата-ана өз деңгейінде баласына қандай бағыт беріп отырғанын ұмытпауы керек. Білім алуға мүлдем құлқы жоқ баланы мұғалім қалай оқытады. Ұстаздардың бәрі бірдей емес қой. Мұғаліммен қатар ата-ана оқушының өзіне деген сенімін бекіту керек. Кейбір ата-аналар баласының көзінше мұғалімді жамандап, тырнақ астынан кір іздеп, оқушының мұғалімге деген жағымсыз пікірін қалыптастырғанша баланың дайындық жұмысын жетілдіріп, мұғалімге көмектесуі қажет. Оқушы тест тапсырмаларымен күн сайын айналысып, үнемі білмеген аса керекті сөздер мен сұрақтарды дәптерге бірден жазып жүру керек және сол сұрақтарды қайталап оқуға тырысып-бағуы қажет. Мұғалімнің берген тапсырмасымен шектеліп қалмай, қосымша материалдармен жиі танысқаны да дұрыс. ҰБТ кезінде көбінесе үздік оқушылар қатты алаңдайды. Өйткені мектептің, ата-ананың балаға үміті зор, бала сол сенімді ақтай алмай қаламын ба деп те алаңдайды. Сол үшін мектепте психологиялық тұрғыда жұмыстар жүргізілу керек. Жалпы бала тест тапсыру барысында қобалжып, сасқалақтамай, белгіленген уақытты дұрыс пайдаланғаны жөн.
ҰТО сараптамашылары:
Ғылымбек Іргебаев, зерттеуші, тарихшы.
Арман Орынбеков, тарихшы, №90 ЖОМ директоры