Ұстаз

Валентина Куприяновна Куликованың есімімен облыста бірнеше дүркін журналистер легін байланыстыруға болады. Себебі, «Отырар» телеарнасы тележурналистер ұстаханасына айналғалы қашан. Бар болғаны жиырма жылдық ғұмыры бар телеарнадан түлеп ұшқан түлектер еліміз түгілі шетел телеарналарында жемісті еңбек етіп жүргені соның дәлелі.

20-010

Алайда, үнемі ізденіс пен шығармашылық толысудың жолында аянбай тер төгетін Валентина Куприяновна бұл күндері тек телеарнаның ғана емес, қос тілде жарық көретін екі басылымның «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газеттері мен екі сайттың басын біріктіріп отырған жан. Осынау медиахолдингтің басшысы В.К.Куликова бұл күндері өзінің 70 жылдық мерейтойын тойлауда. Төменде мерейтой иесі жайлы әріптестерінің жылы лебізін ұсынуды жөн санадық.

Зәуре Оралбаева
Зәуре Оралбаева

Зәуре Оралбаева, «Отырар» телеарнасының бас редакторы:

– Менің «Отырар» телеарнасында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 16 жыл. Бұл жасөспірімнің жасы. Жас шақтан есейген шаққа өткен осы уақытты «Валентина Куликованың мектебінде» өткіздім. Ол еш қайталанбайтын, қызығы мол, көп нәрсені білуге, үйренуге мүмкіндік алған жылдар болды. Онымен мақтанамын. Қуанамын. Алғысым шексіз. Өз ісінің нағыз майталманы, елінің шын мәніндегі Патриоты – Валентина Куприяновнаға ұзақ ғұмыр, сол жылдарда қуанышты сәттер молынан болсын деп тілеймін.

 

Вячеслав ШВАРЦ
Вячеслав ШВАРЦ

Вячеслав ШВАРЦ, «Отырар» телеарнасы бас директорының орынбасары:

– 1996 жылы «Отырар» телеарнасына алғаш жұмысқа келген уақытта қолымнан барлық іс келетіндей көрінетін. Алайда, Валентина Куприяновнаның «Век живи – век учись» ұстанымы бар. Міне, сондықтан да бәрін басынан үйренуге тура келді. Валентина Куприяновна үйренуден жалықпайтын, әрдайым оқып-тоқуға ұмтылатын адам. Үнемі жаңа нәрсені танып-білуге ұмтылып, үнемі жетілу үстінде жүреді. Сондай-ақ, ұжымның босаңсуына жол бермейді. Осы себепті де «Отырар» телеарнасы осындай жоғары деңгейге жетіп отыр.

Валентина Куприяновна өте қызық адам. Әп-сәтте жоспарыңның астаң-кестеңін шығарып, өзгертіп жіберуі де мүмкін. Бір нәрсені ешқашан қайталамайды. Оның тұлғасы мен болмысының ерекшелігі сонда, мен танитын адамдардың ешбіріне ұқсамайды.

Валентина Куприяновнаға ұзақ та бақытты ғұмыр мен зор денсаулық тілеймін. Ойына алған жоспарларын жүзеге асыруға қажетті қажыр-қайраты мен ықылас-жігері таусылмасын. Армандары орындала берсін!

20-018

Илхам БАЗАРТАЙҰЛЫ
Илхам БАЗАРТАЙҰЛЫ

Илхам БАЗАРТАЙҰЛЫ, «Астана» телеарнасы бағдарламалар департаментінің басшысы:

– Валентина Куликова дегенде көз алдыма қасқыр елестейді. Алдынан шықсаң жұтып жіберердей. Сондықтан да ол кісіні көрген адам тартынады, өйткені мысы басады. Асылында ол өз саласының тісқаққан қасқыры. Шын мәнінде Куликовамен етене таныс адам ғана оның нәзік қасқыр екенін түсінеді. Өйткені оның жан-дүниесі өте нәзік. Қателіктерің үшін басыңда әңгір таяқ ойнатқанымен, іштей жылап отырады. Сосын кабинетіне шақырып алып, көз жасына ерік беріп те жіберуі мүмкін. Егер ол сондай болмаса, білдей бір арнаны ұстап тұра алар ма еді? Әрине жоқ! Егер ол сондай болмаса, біз бұл салада судағы балықтай жүзіп жүрер ме едік? Әрине жоқ! Негізі менің телевизия саласына келуіме қолдау көрсеткендердің бірі де осы кісі. Ауылдан Шымкентке енді келген кезде, өзінің бос тұрған пәтерінде тұруыма мүмкіндік берді. Қай адам өзінің 4 бөлмелі пәтерін тегіннен тегін, танымайтын адамға беріп қояды?! Дегенмен, «Отырардан» кетер кезімде маған қатты ренжіді. Онысы бауыр басып кеткендіктен, баласын ұзаққа шығарып салуға қимаған аналық пейілі деп қабылдадым. Бірақ өзімді республикалық арнада сынап көруім де қажет болды, мұны ол кісі түсінді деп ойлаймын. Айтпақшы, тағы бір қызық жағдай. Ақсукентте жергілікті телеарнада жұмыс істеп жүрген кезімде мені «Отырарға» шақырған шақ тұғын. Ол кезде орысша мүлде түсінбеймін. Бір күні Куликова шақырып алып, қашан бізге келесің деді. Орысша айта алмай, бетіне қарап тұрмын. Сосын «Или раздумал?» деді. Сасқанымнан күн сайын осылай орысша сөйлеуім керек шығар деп қорқып кетіп, «Да, я раздумал» дегенім бар. Бұл сөзіме ашуланып, «мен саған үміт артып отырмын, сөзді қой да тездетіп кел» деді. Болды, бітті. Осылайша мені тәрбиелеп шығарды. Валентина Куликова әлі талай жас маманды тәрбиелеп шығарарына сенімдімін. Өйткені сіз бен бізде жоқ күш-қайрат ол кісіде бар. Бүгінде қандай жетістікке жетсем сол кісінің арқасы деп білемін де, рахметімді айтып отырамын. Әлі күнге дейін ол кісіден қорқамын. Сыйлағандықтан болар. Сағынышымды айтып, хабарласқым келіп тұрғанмен, үлкен ұстаз алдындағы шәкірттей қалтыраймын. Әлі күнге мысы басады. Ол берген тәрбие, тәлім, өнегені әлі өтей алмадым деген ой маза бермей тұрады.

Арай РЕМЕТОВА
Арай РЕМЕТОВА

Арай РЕМЕТОВА, «Бақ.қз» сайтының редакторы:

– Валентина Куликова ең бастысы — іскер әйел! Сосын шексіз мейірімді, бар өмірін журналистика саласына сарп еткен жан. Қайсарлығын ерекше құрметтеймін. Онсыз «Отырарды» елестете алмаймын. Алғысым шексіз. Әркім өзінше жақсы көреді. Мен ол кісіні өзімше жақсы көрем. Туған күнімен құттықтаймын. Ұзақ ғұмыр тілеймін!

 

 

Жанар Есенбек
Жанар Есенбек

Жанар Есенбек, тележурналист:

– В.Куликова – темірдей тәртіпті талап ететін басшы. Сыртқа қатал, суық көрінгенмен жан дүниесі өте нәзік, сезімтал әйел. «Біздің апа» (ол кісіні ұжымда осылай айтатынымыз бар) сондай-ақ, жауапкершілік пен жеделдікті жақсы көреді. Ұстаздықтан жалықпайтын жан.

Кәсіби ғана емес нәзік жанды журналистерге әйелдік қасиеттердің қыр сырын үйретуден талмайтын басшы. Апамызға амандық тілеймін!

 

20-019

Виталий Мантров
Виталий Мантров

Виталий Мантров, тележурналист:

– Валентина Куприяновна өте керемет адам. Мен «Отырар» телеарнасына 12 жасымда келдім. Ол кезде өзім құралпы замандастарым секілді менің де кинолардағы суперкейіпкерім болды. Бірақ, Валентина Куприяновнаны көріп, кімнен үлгі алу керектігін түсіндім. Бұл кісі әйелдігіне қарамастан кез-келген ауыр жұмысты иығымен көтере алатын ер азаматқа тән қасиетке ие. Куликованың қол астында қызмет етудің арқасында маған әскерде Отан алдындағы борышымды өтеу де соншалықты қиындық тудырған жоқ. Иә, ол өте қатал, талапшыл жан. Бірақ, мейірімді кездері де жиі болып тұратынын ұмытпау керек. Мен Валентина Куприяновнаға ризамын. Шығармашылық адамдармен қызмет атқаруда сабырлықпен, шыдамдылық қажет екенін жақсы түсінемін. Сондықтан да мен оған ең алдымен шыдамдылықты тілеймін. Біздей шәкірттеріңіз көп бола бергей деймін!

Ақмарал Алтынбекқызы
Ақмарал Алтынбекқызы

Ақмарал Алтынбекқызы, «Аман бол» телебағдарламасының редакторы:

– «В.Куликова кім?» деген сауалға мен ойланбас-тан, «ол – қайсарлық, шексіз шабыт, әдемілік пен әсемдік, тың идея!» деп жауап берер едім.

 

 

 

 

Ардақ Жақсылықова
Ардақ Жақсылықова

Ардақ Жақсылықова, тележурналист:

— В. Куликова десе, менің көз алдыма жүгіріп жүрген өзім елестеймін. Берілген тапсырмаларды жылдам әрі сапалы орындау керек деген міндеттің жүгін арқалап, уақыт санап жүргенім елес береді. Бастықтың қатал көзқарасы, том-том тапсырмасы мені шапшаңдыққа тәрбиеледі. Уақытпен санасуды, оның қадірін ұғынуды үйретті.