70-тің 20-сы ғана «тірі»

21-037

Бүгінде облысымызда жастар бірлестіктері мен жастар ісімен айналысатын ұйымдар саны 70-ті құрап отыр. Барлығы бірдей өз міндеттерін лайықты атқарып отыр деуге негіз жоқ. Мұны облыстық жастар саясаты басқармасының басшылығы да мойындайды. Дегенмен, жастардың әлеуетін көтеруге бағытталған қоғамдық бірлестіктердің белсенділері баршылық. Атап айтқанда, 70 бірлестіктің 20-сын сондай белсенділер тобына жатқызуға болады. Ал сол белсенді деген бірлестіктер немен айналысып отыр? Атқарғаны мен атқарары қайсы? Бұл жолы бірлестік жетекшілеріне өз жұмыстарын таныстыруға мүмкіндік бергенді жөн көрдік. Сонымен…

21-040

Сұлтан Сенбек
Сұлтан Сенбек

Сұлтан Сенбек, «ОҚО студенттік құрылыс еңбек жасақтарының отряды» жастар қоғамдық бірлестігі мен «ОҚО әскери патриоттық тәрбие орталығы» корпоративтік қорының жетекшісі: 

– «ОҚО студенттік құрылыс еңбек жасақтарының отряды» жас-тар қоғамдық бірлестігіне 6 жылдан бері жетекшілік етемін. Біздің бірлестік «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасының Оңтүстік Қазақстан облысында орындалуын ұйымдастырады. Бағдарлама құрылғалы бері біздің бірлестік облыстағы 19-29 жас аралығындағы 9 мыңнан астам жас азаматты жұмыспен қамтыды. Биыл жазғы маусымда 900 жасты «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жазғы маусымдық жұмыстар күзге дейін созылады. Жыл сайын берілетін квота бар. Берілген квоталардың санына қарай студенттерді жұмысқа тартамыз. Жұмыссыз жүрген жастардың арасында жұмыс істегісі келмейтін, әп сәтте басшы болуды қалайтындар да жетерлік.

«ОҚО әскери патриоттық тәрбие орталығы» корпоративтік қоры 2011 жылы ашылды, 2012 жылы жұмысын бастады. Негізгі міндеті: жастарды әскери сезімге баулу, патриотизмге шақыру. Әзірге «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында насихаттау жұмыстарын атқарып жатырмыз. «Жасыл елдің» ашылу және жабылу салтанатын өткізіп, қала көшелеріне «Жасыл елге» арналған билбордтар іліп, аудан-аудандарда семинарлар өткіземіз. Келесі жылы әскери рухты көтеру, патриотизмді дамыту бойынша іске кірісеміз деген жоспар бар.

21-038

Құрмет Керімбеков
Құрмет Керімбеков

Құрмет Керімбеков, «Жалын» жастар ұйымының» жетекшісі:

– «Жалын» жастар ұйымы» Ақсу-Жабағылы қорығының Төлеби ауданы аумағында тұмса таби-ғаттың биоалуан түрлілігін сақтауды алдына мақсат ете отырып, экологиялық бағыттағы ұйым ретінде 2003 жылы Балдыберек ауылында құрылды.

Сол кездерде БҰҰ «Даму бағдарламасы» шеңберінде халықаралық ұйымдармен белсене араласып жұмыс істеп, «Төңкеріс-Көлсай» экотуризмдік жобаны, Қызыл кітапқа енген Зеравшан аршасын сақтап қалу мақсатында «Жасыл Арша», Экотуризмді дамыту мақсатында «ГТОС-Төңкеріс», «ГТОС-Диханкөл» жобаларын, Бал арасы арқылы өсімдіктерді тозаңдануын табиғиландыруға бағытталған «Балдыберек балы» жобаларды жүзеге асырды. 2008 жылдан бастап ұйым жастардың әлеуметтік проблемаларын шешуге бағытталған іс-шараларға көбірек көңіл бөле бастады. Осы кезден бастап ОҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың дамуына ұйымдық-тәжірибелік қолдау көрсету» әлеуметтік жобасын, «Жастарды мәдениеттілікке, халықтың құндылықтарын, әдет ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қастерлеуге баулу бағытында іс- шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын, «Облыстағы заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы тұру және дағдарыс орталықтарына қолдау көрсету бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VI Азаматтық Форумын ұйымдастыру» жобаларын, ОҚО жастар ісі басқармасының қолдауымен «Бірлігіміз жарасқан» жастардың достық жобасын, «Жастар арасында экотуризмді дамытуға» арналған жобаны, Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімімен бірігіп «Жас-тар арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытында» т.с.с. көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды.

Қазіргі таңда ұйымды жас-тар арасында өзге бағыттағы діни көзқарастардың таралуы алаңдатып, Түлкібас ауданы ішкі саясат бөлімі және облыстық Бастамалар Орталығы мамандарымен «Дін – ел тұтастығының кепілі» тақырыбында кездесулер мен семинарлар циклін бастадық. Бұдан басқа осы жылы облыстағы әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы татулықты нығайту мақсатында «Бірлігіміз жарасқан!» жобасы өткізіліп келеді. Жоспарда жастар арасында бизнес идеяларды жүргізу бағытында жобаны жүзеге асыру ойда бар.

21-039

Сабира Байзахова
Сабира Байзахова

Сабира Байзахова, «Оңтүстік Қазақстан ауыл жастары одағы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

– «Қазақс-танның ауыл жастар одағы» қоғамдық бірлестігі 2003 жылдың 16-сәуірінде Қазақстан аграрлық партиясы жастар қанатының базасында құрылды. Яғни, Елбасының 2003-2005 жылдар аралығын елдегі «Ауыл жылы» деп жариялауы нәтижесінде іске асырылды. Бірлестіктің белсенділерін ауылдық өңірлердегі қатарластарының тағдырына немқұрайлы қарамайтын жастар өкілдері құрайды. Ұйымның мақсаты жас ауылдықтардың проблемаларын шешу, олардың мүдделері мен бастамаларын қолдау және іске асыру үшін ауыл жастарының күш-жігері мен әлеуетін біріктіру. Қазіргі таңда біз «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 14 ауданның 188 ауылдық округімен жұмыс атқарудамыз. «Жастар ауылға» жобалары бойынша 14 аудан қалалардағы «Жастар орталығы» КММ-мен бірлескен түрде «Жас Отан» ЖҚ және ОҚО Жастар сая-саты мәселелері басқармасы т.б. қоғамдық ұйымдар мен ерікті жастарды бірлескен түрде, Шымкент, Арыс, Кентау, Түркістан, Ленгер, Сарыағаш, Шардара, Жетісай қалаларында «Кеңес беру орталықтарын», Бәйдібек, Созақ, Сайрам, Түлкібас, Отырар, Ордабасы аудандарында «Мобильдік топтар» құрып, халық көп жиналатын орындарда арнайы графикпен маусым сайын сол мекеннің жастарына арнайы мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана», ШжОБ дамыту, «Тұрғын үй-2020» және т.б. бағдарламалар туралы ақпарат бердік.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігі тапсырмасымен өткізіліп тұратын республикалық лагерлер мен форумдарға да облыс атынан қатысамыз. Қазіргі таңда СҚО «Еңбекші ауыл жастары» ҚБ-нің ұйымдастыруымен өтетін халықаралық форумына дайындық үстіндеміз.

Дайындаған – Жәнібек НҰРЫШ

21-04421-045