Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлері ардақталып жатыр. Облыстық азаматтық альянсы қоғамдық бірлесітігінің өкілдері де майданда ерлік жасаған жауынгерлерді мейраммен арнайы құттықтады.
«Азаматтық Альянстың» өкілдерін ардагер Халил Ергешов құшақ жая қарсы алды. Сәлем-сауқат сұрасқан соң қария қонақтарға ақ тілегін білдірді. Бүгінде 7 бірдей баланың ардақты әкесі атанып отырған ақсақал 18 жасында майданға аттаныпты. Ленинград түбіндегі шайқастан ардагер аман ораламын деп ойлаған жоқпын деп күрсінеді.
Халил Ергешов, ҰОС ардагері: «Мені здеп келіп, осылай құрмет көрсеткендерге алғысым шексіз. Қазір қуанышым қойныма сыймай отыр. Күзде әскерге кеттім. Семей қаласында болдым. Одан соғыс кезінде Белоруссия, Польшада, Берлинге дейін бардым. Қаншама адам көз алдыма жан тәсілім етті. Құдайға шүкір, жеңістің туын арқалап елге аман қайттым. Қазір балаларым қасымда.»
Жасы 90-нан асқан ардагер Қаныбек Ералиев 24 жасында Ленинградты жаудан қорғаған. Қиын-қыстау заманды бастан өткерген қарияның бүгінде жалғыз тілегі бар.
Қаныбек Ералиев, ҰОС ардагері: «Жастық шақта біз рахат көргеніміз жоқ. Қара жұмыс істедік. Тылда да еңбек еттік. Тіпті, тойып тамақтануға да зәру едік қой. Ал қазіргі жастарға бар жағдай жасалған. Білім алып, қызмет жасауына мүмкіндігі бар. Тіпті, кәсіп ашып, соны дөңгелетіп те елдің гүлденуіне үлес қосуына болады. Шіркін, бұл жағдай біздің кезде де жасалса ғой..! Мен жастардың болашағынан үлкен үміт күтемін. Біздің жолымызды жалғастырып, тәуелсіздікті өскелең ұрпаққа аманат ететін де осы жастар! Сондықтан, тек алға!»
18 жасында қан майданның ортасынан табылған жауынгерлердің бірі — Жандарбек Батаев еді. Сұм соғыстың аяқталғанына 69 жыл өтсе де соғыстағы өлім аузынан қалған сәті әлі де көз алдында.
Жандарбек Батаев, ҰОС ардагері: «Мені майданда өзге де жауыгерлер мерт болды деп, денемді бір ғимаратқа апарып тастапты. Сол жерде 2-3 күн жатып, соңынан тиісті жерге жеткізген. Осылайша аман қалыппын. Әлі есімде өліммен қалай арпалысқан сәттерім. Қасыма өлген адамдардың денесін әкеліп жатты, айналым сасыған. Сонда да аман келіп, елімнің құрметіне бөленген мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін!»
Азаматтық Альянстың өкілдері алдымен Еңбекші ауданындағы ардагерлерді осыйлай марапаттады. Ұжымның айтуынша, бұл шара осымен шектелмейді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4m7cgFpDCmI[/youtube]
Қайрат Сүлейменов, «Азаматтық Альянс» қауымдастығы директорының орынбасары: «Ардагерлерді ардақтау шарасын алдымен өзіміздің ауылдан бастап отырмыз. Әрдайым келіп, қолдан келген көмекті жасап жүреміз. Алдағы уақытта ауылдағы және өзге де ауыдандардағы аталарымызды марапаттасақ деген ойымыз бар.»