Мемлекеттік «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында пәтер алуға ниет білдірген азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Бүгінде кезекке тұрғандарды бас-панамен қамту үшін 3 оператор жұмыс істеуде. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы орган (тұрғын үй секторы), Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі осы бағдарламаны жүзеге асыруға жұмылдырылған. Тұрғын-үй секторы арқылы жалдамалы пәтерлерге қол жеткізу қызметтерін ұсынса, банк тұрғындардың барлық санатын қамтиды. Үміткерлер банкке салымшы бола алады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі болашағы жоқ деп танылған ауылдардан көшіп келіп, қалада жұмыс істейтін азаматтарға, оралмандарға, жетімдерге уақытша қызметтік пәтер берумен айналысады.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау өткен жылдың қараша айынан басталған болатын. Содан бері Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінен 6 азамат, ата-анасынан айырылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 914 бала, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарынан 5093 азамат, мемлекеттік, әскери және бюджет қызметкерлерінен 4751, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған — 23, «Жас отбасы» санаты бойынша – 538, үшінші бағыт – «ҚИК» ИҰ арқылы 440 азамат тіркелген. Бүгінгі таңда бірінші бағыт бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін қалалық тұрғын үй алу тізімінде 10787 азамат кезекте тұр. Биыл салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталса, кезекте тұрған азаматтар алғаш болып жалдамалы пәтерге қол жеткізеді. Айта кетейік, бас-панамен қамтамасыз етуде Шымкент қаласының тұрғын-үй секторы 2 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Оның алғашқысы – жалдамалы (коммуналдық) және жас отбасыларға пәтер беру. Жергілікті атқару органында пәтер алу үшін кезекте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізу әлі де жалғасуда. Жалдамалы (коммуналдық) тұрғын үйлерді Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, бюджет қызметкерлері мен жалғыз үйі апатты жағдайдағы адамдар ғана ала алады. Жергілікті атқару органында осы 4 тізім бойынша құжаттар жинақталады. Айта кетерлігі, осы топтың құрамына кіретіндердің ішінде ҰОС-ның ардагерлерінің ғана баспананы бірден жеке меншікке айналдырып алуына мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, олар баспананы кезектен тыс алады. Ал әлеуметтік аз қамтылған, бюджет қызметкерлері мен жалғыз үйі апатты жағдайдағы азаматтар берілген үйді бірден жеке меншігіне айналдыра алмайды. Оларға жалға беріледі. Өзгелері тұрғын-үй қорынан баспана алмаған болса, жеке меншікке өткізу үшін оның құнын толық төлеуі тиіс. Демек, сатып алады. Ал оған мүмкіндіктері жоқ азаматтар сол үйде тұра береді. Бірақ, ешкімге сыйға бере алмайды және сата алмайды. Егер алған адам ол пәтерде тұрмаса немесе басқа жаққа көшіп кеткен болса, үй мемлекетке қайтарылады. Сала мамандарының мемлекеттен берілген үйлерді кез-келген уақытта тексеруге құқы бар. Ал жалға беру ақысы үйдің жалпы сомасын әр айға шағу арқылы және 1 шаршы метрдің құнын есептеп шығарумен анықталады. Қазір жас отбасы санаты бойынша құжат тапсырған 500-ден аса жанұяны тиесілі пәтерлермен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кезектегілер жинаған балының көптігіне қарай алға жылжиды. Бұл жерде отбасыларда бала саны көп болған сайын көбірек балл жинаймыз деген түсінік болмауы керек. Өйткені, көрсеткіштер ерлі-зайыптының төлем қабілетіне де әсер етеді. Үй берілер кезде конкурс арқылы бұлардың біразы өтпей қалуы мүмкін. Олар келесі жолы берілетін пәтерлердің конкурсына қатысады.
Гүлнәр ӘШІРБАЕВА, Шымкент қалалық ТҮКШ тұрғын үй секторының меңгерушісі:
– Жалға берілетін тұрғын үйді бөлу үшін төлем қабілетін растаған өтініш берушілерді іріктеуді ЖАО балдық жүйе бойынша, яғни балдың ең көп саны бойынша анықтайды. Тіркелген некенің әрбір жылы үшін – 5 балл, тұңғыш бала үшін – 20 балл, келесі екінші және кейінгі балалар үшін 30 балл, мүгедек болып табылатын және Қазақстан Республикасының үкіметі бекіткен созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлерімен ауыратын отбасының әрбір мүшесі үшін – 10 балл, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде алдағы іріктеу кезінде салынған тұрғын үйдің тізіміне қосылмаған үміткерлер үшін – қосымша 5 балл, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың санатына жататын ерлі-зайыптылардың әрқайсысы үшін – 10 балл беріледі.
Өзгертулер мен толықтырулар
«Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы қабылданды. Атап айтқанда, өңірлер үшін тұрғын үй шаршы метрінің құны қайта қарастырылды. Бұл баға біздің өңірде 110 мың теңгені құрады. Айта кетейік, кезекте тұрғандар үшін баға өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, қабылданған құжатқа сәйкес, бағдарламаға қатысушылардың тізімі 3 топқа бөлінеді. Яғни I топ – жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар (жетім балалар, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары және т.б.) ал II топ – барлық санаттағы тұлғалар, III топ – жас отбасылар. Сонымен, жергілікті атқарушы билік арқылы кезекте тұрғандар бағдарламаның «Халықтың барлық санатына арналған баспана», «Қазақстанның ипотекалық команиясы» АҚ баспанасы, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ баспанасы бағыттарына қатыса алады. Бұл топтың қатысушыларынан құжаттар жергілікті атқарушы органдар арқылы қабылданады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушылардың II және III тобынан да жергілікті атқарушы билік арқылы құжат қабылданады. Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі II топ қатысушыларынан құжат қабылдайды. Үкімет Қаулысымен II және III топқа жататын бағдарлама қатысушыларына ортақ талап біріздендірілді. Сонымен, қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар да нақтыланды.
Мақпал РЫСБАЕВА