«Біз естімеген бір ән, бір күй» байқауының жеңімпаздары анықталды

609
Байқау жеңімпаздары марапатталды

«Біз естімеген бір ән, бір күй.» Шымкентте осылай аталған өнер бәсекесінің жеңімпаздары анықталды. Айта кетейік, өткен жылы бастау алған шараға облысымыздың 81 бірдей өнерпазы қатысқан болатын.

Байқау жеңімпаздары марапатталды
Байқау жеңімпаздары марапатталуда 

Сонымен, күйшілер арасында бас жүлдені (70 мың теңге) кентаулық Асқар Пәрмешов жеңіп алды. Бірінші орынды Құрманғазы Әбдіхалықов (Мақтарал) еншілесе, екінші орыннан Замира Қанатбек (Шымкент) көрінді. Ал үшінші орынды Айхан Тоқмырза (Шымкент) мен Дастан Есберген (Шымкент) өзара бөлісті.

Ал терме бойынша бас бәйге (70 мың теңге) шымкенттік Құнанбай Байтеновке бұйырды. Назерке Айлез (Шымкент) 1-орыннан көрінді. Асылбек Бейісов (Сарыағаш) 2-орынды иемденді. Сәкен Бегманов пен Әміржан Кенжеғұлов 3-орынды қанағат тұтты.

Үміткерлер арасыннда жасы жетпіске таяғандар да болды
Үміткерлер арасында жасы жетпіске таяған қариялар да болды

Дәстүрлі әннің жеңімпазы деп (70 мың теңге) шымкенттік Еркебұлан Құрасбек лайық деп табылды. 1-орын Сапаралы Серікбаевқа (Мақтаарал) берілді. 2-ші орынды Жандос Мырзабеков (Сайрам) жеңіп алса, 3-орынды Ербол Халмұрзаев (Шымкент) пен Ерғали Ағайдаров (Шымкент) бағындырды.

Көрермендер 11 сағаттық байқауды тамашалады

Назерке Айлез (Шымкент)
Назерке Айлез (Шымкент) 1-орынды жеңіп алды 

Ал жыршылар арасында 30 жылдан бері сахнада жүрген Нышан Төлегеновке тең келер ешкім болмады. Өнер иесіне 60 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды. Бірінші орынды Аязбек Рустамов (Түркістан) иеленді. 2-орынды Нұртай Үсіпәлиев (Шымкент) алды. 3-орынға Самат Атабаев (Төлеби) лайық деп табылды.

Нышан Төлеген, бас жүлде иегері, жыршы: «Жеңген адам қуанады ғой, менде де сондай әсер бар. Себебі, мен өмірімді өнер саласына арнаған жанмын. Құдайға шүкір, қазір жеңіске жеттім. Бұған дейін мен бас жүлде алмаппын. Көптің алдында жырды жаттап шығып, оны нақышында орындау да оңай емес. Бұл — үлкен жұмыс. Мен мынау өскелең жастарға үлгі болсын деп, арнайы жырды орындадым. Олар да халық өнеріне құмартсын деген тілегім бар.»

Байқауға 81 үміткер қатысты
Байқауға 81 үміткер қатысты

Жиырма тоғыз күйші, жиырма төрт термеші, алты жыршы және жиырма екі дәстүрлі әнді дәріптейтін өнер иелері қатысқан сайысты алты адамнан құралған қазылар алқасы бағалады. Олар: сазгер Құралай Сәтмұханбетова, облыстық мәдениет басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева, облыстық саз колледжінің оқытушылары Роза Сейдәлиева, Жақып Спатаев, Әлімжан Серікбаев, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Қаламқас Дәулетова.   

Айгерім Алдабергенова, көрермен: «Расында да, біз естімеген шығармалар орындалды. Рухани демалып қалдық. Халық қазынасына сусындадық деп айта аламын. Таңғы сағат 10:00-ден басталған байқауды кешкі сағат 20:00-ге дейін отырып тамашаладық. Тәнті болдым өнерпаздарға! Шығармашылық табыс тілеймін! Сайыс әділ бағаланды деген пікірдемін. Ең бастысы — біздің жергілікті авторлардың туындыларын қайта жарыққа шығып, оның дәріптелгеніне қуаныштымын.»

Облыстық мәдениет басқармасы мамандарының айтуынша, «Біз естімеген бір ән, бір күй» жобасы аясында халық әндері, терме-толғаулар, күйлер мен сазгерлердің шығармалары жинақталып, арнайы жинағы жарық көреді деп жоспарланып отыр.