Іңкәрдің коно-пиццасын жеңіз!

Қолыңнан іс келсе, студент кезден бастап-ақ кәсібіңді ашып, дөңгелетуге болады. 21 жасар Іңкәр Серікбай сондайлардың бірі. Ол М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» факультетінің 2-курсын тәмамдағалы отыр. 2012 жылдың күзінде «Жас кәсіпкерлер мектебіне» барып, екі апталық дәріске жазылған.

21-046

«Ол жерде бизнеспен айналысқысы келетін жастарға «Бизнес психологиясы», «Маркетинг», «Бизнестің заңды аспектісі», «Бизнестегі менеджмент», «Бизнес жобалау», «Бухгалтерлік есеп», «ҚР Салық салу», «Time-менеджмент», «Бизнес және ИКТ», «Инвестициялау» сынды дәрістер тегін өтіледі. Қолыңа сертификат беріледі. «Сабақ 16.00-ден кешкі 20. 30-ға дейін. Әр тақырып бойынша өз ісінің нағыз мамандары дәріс берді. Университеттен шыққаннан кейін сонда асығатынмын. Кеңестерін түртіп жүрдім», – дейді ол.

Оқушы кезінен-ақ «ақша жинап, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын» деп мақсат қойған Іңкәрға «Жас кәсіпкерлер мектебі» үлкен мектеп болды. Жоба жасады. «Дамуға» тапсырды. Үздік шығып, 2,2 млн теңге грант ұтып алды.

«Мен ұсынған «коно-пицца» жаңа өнім. Ол Еуропа мен АҚШ нарығында 2000 жылдары пайда болған. Жақында Ресейде сатыла бастады, қазір онда конус пиццаға арналған жабдықтарды өндіреді. Коно-пицца қолды былғамайды, үгітілмейді, ылғал өткізбейді, ұзақ уақыт ыстық болып тұрады. Сонымен қатар, тұтынушы қалаған қоспаларымен тапсырыс бере алады, жылдам дайындалады, әрі дәмді», – дейді Іңкәр.

Іңкәр Серікбай:

– Біздің қалада пицца сататын сауда нүктелері аз, көпшілігі үлкен сауда орталықтарында орналасқан. Сондықтан көше бойын, адам көп келетін «Кең баба» саябағының маңын таңдадым. Атауы мен логотипті өзім ойлап таптым. Өзіме және достарыма «ПодкреПИЦЦА» атауы өте ұнады. Ашылғанымызға 5 ай болса да, тұрақты тұтынушыларымыз бар. Пиццаның дәмін татып көргендер мақтап кетеді, айналып тағы соғады. Болашақта арнайы сайт ашқым келеді. Сол кезде адамдар үйлерінде отырып-ақ тапсырыс бере алады. Сондай-ақ, қаланың басқа жерлерінде де өз сауда нүктелерімнің болғанын қалаймын.

Қолына қомақты қаржы тигеннен кейін ол құрал-жабдықтарды шетелден арнайы алдыртады. Қазір тек пицца ғана емес, құймақ және құймалы балмұздақ та сатылады бұл жерде. Қасына екі сатушы қыз алған. Ай сайын, тоқсан сайын «Даму» қорына арнайы есеп беріп отырады.

Іңкәр – ізденімпаз, тыным таппайды. Жақында шымкенттіктерге бірінші болып «Парфе» (салқын десерт) ұсынбақшы. Жас болса да үлкен істі бастаған кәсіпкердің батылдығына, еңбекқорлығына сүйсіндік те сәттілік тіледік.

Әйгерім БЕГІМБЕТ