Кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіргендер жауапқа тартылады

Кәсіпкерліктің қарыштап дами алмай жатқанына құзіретті органдар кінәлі. Соның кесірінен былтыр елдегі бизнесмендердің қатары 13 пайызға азайып кеткен. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ғани Қасымов өткізген жиында осындай мәлімдеме жасалды. Басқосуда талқыға түскен ең үлкен мәселе — бизнесмендердің электр қуаты үшін алдын ала 100 пайыз өтем төлеуі жайлы болды.

КәсіпкерлікОңтүстікте 120 мыңнан астам кәсіпкер болса, соның көпшілігі әкімшілік кедергілердің кесірінен кәсібін дөңгелете алмай жүр. Электр жарығына алдын ала 100 пайыз төлемнің қажеттігі Астанадағы кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңеске том-томдап арыз жазуға мәжбүрлеген. Кеңес төрағасы Ғани Қасымовтың қолында осы сынды 200-ден астам арыз-шағым болса, соның оны Оңтүстіктен түскен.

Серік Төрегелдин, ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің мүшесі: «Энергопоток», «Оңтүстік Жарық» екеуі ғана Шымкенттік кәсіпкерлерді өздеріне тәуелді етіп бітті. Олар, тіпті, небір құзырлы орындарға, мемлекеттік мекемелерге пысқырып та қарамайтын болды. Бұл алпауыт екі компания қалай кәсіпкерлерден алдын ала төлем алады?!»

Азаматтық кодексте жағылмаған жарық үшін 100 пайыз төлем төлеу міндетті емес. Бар мәселе кәсіпкермен арадағы келісімге байланысты дейді монополияға қарсы инспекция басшылығы. Сондықтан бизнесмен жарық беруші мекемемен арадағы құжатты дұрыс толтырғаны ләзім.

Талғат Төлендиев, ОҚО бойынша монополияға қарсы инспекциясының басшысы: «Оңтүстік жарық» ЖШС электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктен басқа мақсатта пайдаланатын тұтынушыларға — кәсіпкерлерге электр жабдықтаудың төлеу мерзімі ҚР үкіметінің 2013 жылғы 18-наурыздағы №255 қаулысымен бекітілген электр жабдықтаудың үлгілік шартына сәйкес нақты көрсетілсін деп тұр. Түсіндіңіз бе? Бұл деген сөз — нақты шартпен жұмыс істеңіз деп тұр. Егер де нақты шартпен жұмыс істемейтін болса, біз монополияға қарсы шара қолдануымыз қажет.»

Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан болашақта елдегі кәсіпкерлерліктің үлесін 20-дан 50 пайызға жеткізуі керек. Ал бізде керісінше, былтырғы дерек бойынша бизнесменнің қатары 13 пайызға азайып кеткен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FCa9upZYatk[/youtube]

Ғани Қасымов, ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы: «Бүгінгі таңда кәсіпкердің басындағы осы екі проблема. Кәсібін ашса, электр үшін 100 пайыз ақша төле дейсіздер немесе әзер дегенде алған жерін сылтау тауып алып қоясыздар. Содан барып, бизнесмен өнім шығаратын уақытының 90 пайызын құжат рәсімдеуге жұмсап, кәсібін кейінге қалдырады.»

Жаңылтпашқа айналған заң да жиынға келгендерді әбден шатастырды. Қызу талқыға түскен тақырып төңірегінде кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңес пен монополияға қарсы инспекция бір тоқтамға келе алмады. Жиында түйілген басты қорытынды мынау — бұдан былай кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірген кез келген құзырлы орын заң алдында жауап беретін болады.