Қазақ үшін көршінің орны мүлде бөлек. «Көршілік сыйластық, көшкенде қимастық» деген тіркестер де нағыз ынтымақтастық қазақы ережені мықты сақтаған көршілерге қатысты айтылса керек.
Қазақта «көрші ақысы – тәңір хақысы» деген сөз бар. Алыс-жақын ағайынмен тату тұрып, жақсы көрші болудың өзі үлкен сын. Жаңадан көшіп келген үйге қоныс тойын өткізуде де қазақ халқы көрші-қолаңмен танысып-білісуді мақсат тұтқан. Жаңа көршіні ерулікке шақыру да содан туса керекті. Көрші туралы қасиетті Құранда айтылған: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» делінген («Ниса» сүресі, 36-аят).
Дархан Сатыбалды, Шымкент қаласының әкімі:
– Иә, әрине танимын. Дегенмен, мұнда көшіп келгенімізге көп болмаған-дықтан, әлі көршіле-рімізбен тығыз қарым-қатынаста емеспіз. Жалпы, көршімен тату-тәтті тұру, сыйластықты сақтау мәселесіне дұрыс қараймын. Бұған дейінгі көршілеріммен жақсы қарым-қатынаста болдық. Қуанышымызбен бөлісіп, қажет кезде көмек қолын созатынбыз.
Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары:
– Шынымды айтсам, көршілерімді онша тани бермеймін. Өйткені, пәтер жалдап тұратын болғандықтан, бір жерде ұзақ тұрақтай бермейміз. Сондықтан, айналамен танысып-білісуге уақыт та мүмкіндік те бола бермейтіні рас. Мемлекеттік қызметте болған соң, таңертеңнен қас қарайғанша жұмыста боласың, ал үйге келгенде жан-жаққа көңіл бөлуге мұрша болмайды. Дегенмен, жұбайым мен балаларымның көршілермен қатынасы дұрыс. Бұған дейін Астана қаласында тұрдық, ол жақтың адамдары бір-бірімен жақын араласа бермейтін. Ал Оңтүстік халқы бұл мәселеге қатты көңіл бөледі. Өзіміз де ауылда тұрдық. Айналадағы көршілеріміз туысымыздай болатын. Бір-біріміздің үйімізге еркін кіріп, тамақтанып, ойнап жүре беретінбіз. Әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз жақсы. Ауылға барғанда міндетті түрде көрші-қолаңның да жағдайын сұрасып, сәлемдесіп шығамыз. Жалпы, атам қазақ «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп бекер айтпаған. Көршілермен тату тұру, ауызбіршілікті, сыйластықты сақтау – жалпы қоғамдағы адамгершілік қағидаларын ұстануға үлкен септігін тигізеді.
Берік Уәли, ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз жетекшісі:
– «Алыста-ғы жақыннан, жаныңдағы көршің артық» демекші, күнде көріп-білетін көршілермен тату тұрған жақсы. Тек үйіміздің жанындағы көршімен ғана емес, айналамыздағы барлық көршілермен қарым-қатынасымыз дұрыс. Барлығын жақсы танимын. Бала-шағамыз аулада бірге ойнайды. Той-жиындарда, мерекелерде бас қосып тұрамыз. Тіпті, кейде үйімізде теледидар бұзылып, не жарық сөніп қалса, көршінің үйіне барып көре саламыз. «Адал көршісі бар, алаңсыз ұйықтайды» дейді ғой. Сондықтан да, көршіңе адал болу, жақсы көрші бола білу мұның өзі үлкен жауапкершілікті міндеттейді. Жалпы, көршімен байланыстыратын нәрсе өте көп. Сондықтан, барынша көрші-қолаңмен сыйласып, ынтымақты сақтауға тырысамыз.
Көрші – адамның күнделікті өміріне, елмен араластығына, жақсы-жаман істеріне бірден-бір куә адамдар. Көршілердің куәгерлігі ақырет үшін де аса маңызды болып есептеледі. Бір хадисте: «Бір мұсылман қайтыс болғанда, көршілерінен үш кісі ол жайлы жақсы куә болса, Алла тағала былай дейді: «Осы білгендерін құлдарыма куә ретінде қабыл алдым. Немесе «Бұл құлымның Өзім білетін күнәларын кештім» деп бұйырады» делінген (Ахмед, ІІ, 291, VI, 159.). Әбу Хұрайраның риуаяты бойынша бір кісі келіп, ең жақсы амалдың не екенін сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Жақсы адам бол», – депті. Ол: «Жақсы болғанымды қайдан білем?», – дегенде, «Көршілеріңнен сұра, егер олар сенің жақсы екеніңді айтса, жақсы болғаның. Жаман екеніңді айтса, жаман адам болғаның», – деген екен. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде «Көршісіне зияны тиетін адам жұмаққа кіре алмайды», «Аллаға қиямет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын», «Алла назарында достардың ең жақсысы досына ең қайырлы, пайдалы болғаны. Алла назарында көршілердің ең жақсысы көршілеріне ең қайырлы болғаны» деген. Демек, жақсы-жаман екендігіміздің өлшемі көршілерімізден белгілі болатынын ескерудің мәні зор.
Ерлан Нұрмаханов, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Көрші-лерімді жақсы танимын. «Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» деген сөз бар емес пе? Көршіге деген құрметіміз ерекше. Күнде болмаса да, мейрамдарда бір-бірімізге қонақ болып жатамыз. Қуаныштарымызды бөлісіп, қажет кезде көмектесеміз. Көрші-қолаңмен тату тұрып, жақын туысыңдай қабылдау – игі істердің бірі.
Мадияр Оразалиев, облыстық мәслихаттың депутаты:
– «Адам-ның күні адаммен» демекші күнделікті өмірде әркім көршіні қажетсінеді. Көршілермен қоян-қолтық араласып, күнделікті жүздесіп, амандық, саулық сұрасып жүретіндердің қатарындамын. Көршілерімді түгел танимын, ара қатынасымыз жақсы. Үлкені бар, кішісі бар барлығымен сәлемім түзу. Тіпті, алыс ағайындарыңнан да көп көретін көршің жақын туысыңдай боп кететіні рас. Мерекелерде үнемі бас қосып, жиналып тұрамыз. Жыл сайын арнайы көршілерімізбен тауға шығып, демалып қайтамыз. Кешкісін жұмыстан кейін аулада әңгіме-дүкен құрып, тұрғылықты жерімізге қатысты қандай да бір мәселелер болса, бірлесіп, ақылдасқан күйде шешуге тырысамыз. Бір-біріміздің қуанышымызды бөлісуге де әрдайым дайынбыз.
Қарбалас тірліктің қамымен жүреміз деп кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, қысыл-таяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Ал кейбіріміз тіпті айналамыздағы көршілерді танымаймыз да. Көршісімен қоян – қолтық араласатын, шәй сұраса май қосып беретін, кең пейілді, дархан жүректі қазақтың бүгінде көршісімен сыйластығы қандай дәрежеде екен? Жалпы, көршілерін таниды ма?
Гүлнұр Сәтбаева