Коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін монополистер түрлі амалдарға барады дейді шымкенттіктер. Соңғы жылдары енгізілген дифференциалды төлемдер, келісім-шарт негізінде қосымша қызмет түрлеріне төлем ендіруді солардың қатарына жатқызуға болады. Ең бастысы құжаттардың барлығы дерлік заң шеңберінде әзірленген.
Түбіртек алған сайын Анатолий Прочанның ызасы келеді. Тұтынған су, электр жарығы үшін төлемдерді уақтылы төлейтін ақсақал техникалық қызмет үшін 105 теңгені не үшін төлейтінін түсінбей дал.
Анатолий Прочан, Байтұрсынов көшесінің тұрғыны: «Коммуналдық төлемдерді бірінші кезекте төлеймін. Біз, зейнеткерлер, солай тәрбиеленгенбіз. Тариф өсті ме, жоқ па — түбіртек келген бетте кассаға жүгіреміз. Енді соңғы кезде тұтынған суымнан бөлек түбіртекте көрсетілген қызмет үшін 105 теңге төлеуім керек екен. Су арнасындағылар тұтынушылардың есебінен барлық шығындарын өтемек пе?»
Динара Жандарбекова, тұрғын: «Ешкім түсіндірмейді. Не үшін 104 теңге төлеп жатырмыз? Төлеуден қашпаймыз ғой.»
«Су арнасы-маркетинг» мекемесіндегілер 105 теңге көпқабатты үйдің жертөлесіндегі су жүйесін күтіп ұстау үшін тұрғындармен түзілген келісім-шарт негізінде алынады деп түсіндірді. Ал тарифке келсек, былтыр қаңтар айында 10 пайызға қымбаттаған баға коммерциялық және заңды тұлғалардың қалтасын қағыпты.
Орынбек Әлімқұлов, «Су арнасы маркетинг» ЖШС бөлім басшысы: «Жеке тұлғалар үшін су бағасы арзандады. І топтағылар үшін — 55 теңге 98 тиын, ал екінші топтағылар дифференциалды тариф бойынша 74 теңге 60 тиын төлейді. Бір адамға суды пайдалану нормасы — 3 текше. Ал ІІІ топтағы заңды тұлғалар (мектеп, балабақша) енді 180,04 тиын төлейді, бұрын 157 теңге 20 тиын төлейтін. 4-топ — коммерциялық нысандар мен монша-сауналар 228,85 тиын төлейді, 2013 қаңтарына дейін олар 207,72 тиын төлеген.»
Осылайша 3 текше метрден артық су тұтынсаңыз, екінші топқа өтіп, 74 теңге 60 тиыннан төлейсіз. Монополистер өз есесін жібермейді. Ал енді жылуға келсек, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің мамандары бұл коммуналдық қызмет түріне тариф 2008 жылдан бері өзгермегенін айтады. Ал табиғи газдың тарифі 2014 жылы жеке тұлғалар үшін 8 пайызға, заңды тұлғалар үшін 4,7 пайызға өскен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AfBsBtILz-Q[/youtube]
Мұхит Нышамбаев, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Таразда, Алматыда газдың бағасы арзан. Өзбекстаннан келетін газ біздің Оңтүстік өңірінен өтеді, біз оған қымбатырақ төлейміз. Бағаны реттеу бойынша біз «ҚазТрансгазАймақ» басшылығына ешқандай талап қоя алмаймыз, оған құзырымыз жетпейді. Олардың түсіндіруі бойынша Оңтүстік өңірінде иірімдер көп, салдарынан шығында көп екен.»
Бұл мәселе жақында облыс әкімдігінде өткен жиында да көтеріліп, хаттама түзілді. Алайда одан нәтиже шыға қояр ма екен? Стратегиялық маңызды нысандар мемлекет меншігіне өтіп, баға бір орталықтан реттелмейінше, жағдай осы қалпында қала бермек.