Миллиондаған теңгенің заты өртенді

365

Әбдіразақов көшесінің тұрғындары түн ішінде дүрлікті. Көпқабатты үйге жапсарлас салынған дүкеннен түн ортасында өрт шығып, түтіннен тұрғындар тұншығып қалмасын деп, өрт сөндірушілер адамдарды қауіпсіз жерге көшірген. Абырой болғанда, құрбан болғандар жоқ. Алайда тұрғындар өрт қауіпсіздігі сақталмаған дүкендерден сескене бастады.

Әбдразақов көшесіндегі № 10 үйдің тұрғындарының түн ұйқысын өрт сөндірушілер бұзыпты. Кейбірі сыртта не болып жатқанын да сезбеген екен. Өртеніп жатқан дүкеннен шыққан түтінге тұтас бір көпқабатты үйдің тұрғындары иістеніп қалуы әбден мүмкін еді. Бықсып жатқан түтінді көрген азамат дер кезінде кезекшіге хабар бермегенде, тілсіз жаудың қатар тұрған сауда орындарына ауысып кетуі де мүмкін еді.

Жеңіс Қылышов, куәгер: «Өрт кеше түнгі үштер шамасында шықты. Өрт сөндірушілер 10 минутта келіп, өшіріп тастады. Оларға мен хабар берген едім.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=wPzKA-6Xq04[/youtube]

Өрттің қауіптілігі ескеріліп, көпқабатты үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылған. Ал тілсіз жауды ауыздықтауға 5 арнайы техника, 25 қызметкер жұмылдырылған. Түнгі сағат- 4-16 минутта қызыл жалын толығымен сөндірілді.

Өртке оранған дүңгіршекте киім-кешек сатылған екен. Көпқабатты баспанаға жапсарлас салынған дүкенге тұрғындар бұрын аса мән бермей келген. Түндегі оқиғадан соң сауда нысанына сескене қарайтын болды.

Жамиля Алашбаева, тұрғын: «Енді біз жауаптыларға жазамыз, «Нұр Отанға», әкімшілікке барамыз. Содан кейін өрт мекемесіне арызданамыз. Шынында да егер өрт сөндірушілер келіп, бізді оятпағанда, бәріміз қырылып қалар едік. Түтінді де сезбейсің, өлесің де кетесің.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=MhtLtucYKTg[/youtube]

Қазіргі таңда өрттің шығу себебін анықталып жатыр. Ал шошынып қалған тұрғындар сауда қатарларының қаншалықты заңды жұмыс жасап жатқандарын білу мақсатында арыздануға бел буып отыр.

Арада бірер күн өткен соң Шымкентте тағы бір сауда орны отқа оранды. Тілсіз жау бұл жолы қала орталығындағы «Көктем» сауда қатарында тұтанды. Келеңсіз жайттың салдарынан жеке кәсіпкер бес жарым миллион теңгенің тауарынан айрылып қалды. Бұл жанған үш дүңгіршектің бірінің ғана шығыны.

Тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешек сатылатын сауда орнынан шыққан жалын үш дүңгіршекті шарпыған. Жедел жеткен өрт сөндіру қызметінің мамандары тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтапты. Әйтпесе тілсіз жау жалмаған нысанның саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Соның өзінде 200 шарты метр аумақтағы тауар күлге айналған.

Гауһар Байымбетова, ОҚО ТЖД ӨС және АҚЖ қызметінің баспасөз-хатшысы: «Оқиға орнына 12 өрт техникасы мен 55 қызметкер жұмылдырылды. Зардап шегушілер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері мен матеряалдық шығын көлемі анықталуда. Жалпы, өрттің беті 20-37 минутта қайтарылды.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Bh1vtqL-fs8[/youtube]

Кезекші бөлімде өрт жайлы суыт хабар сағат кешкі сағат 20:12-де тіркелген. Ал өрт сағат 21:03-те толық сөндірілген. Орын алған төтенше жағдайдан Константин Кравченконың жалға алып отырған дүкені, оның ішіндегі киім-кешек толығымен жанып кетті. Салдарынан кәсіпкер қыруар шығынға батып отырғанын айтады.

Константин Кравченко, жеке кәсіпкер: «Кеше сағат кешкі бестер шамасында осы аумақта жарық болмады. Дүкенді жауып, дабылқағышты қосып кеттім. Дүкенімде электр құралдары аз болатын. Шамамен арада 2 сағат өткеннен кейін маған қоңырау шалып, бутигімнің өртеніп жатқанын хабарлады. Мен келгенше өрт сөндірушілер жартылай өшіріп қойған екен. Өрттің нақты қай жерден шыққанын айта алмаймын. Бірақ, шатырдан көп электр сымдары өткен. Сол жақтан шығуы мүмкін.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=pAYTK9sEX8s[/youtube]

Кәсіпкер тілсіз жаудың кесірінен бес жарым миллион теңгедей тұратын тауардан айрылып қалыпты. Оның дүкеніне жапсарлас салынған шаштараз бен сантехника сататын нысанның күлі көкке ұша жаздады. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері және келген материалдық шығын көлемі анықталуда.