Оңтүстікте үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына еніп, биыл жүзеге асуы тиіс 103 жобаның 33-і іске аспай қалуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткізген кеңейтілген жиында мәлім болды. Естеріңізде болса, Елбасы біздің өңірге таяуда жасаған іс-сапары кезінде облыстағы тоқтап тұрған томат зауыты мен керамикалық плита шығаратын кәсіпорындарды айтып, сынаған болатын. Осыған қатысты өткізілген жиында айтылған сөзден болашақта алдыңғыларының кебін киіп, ашылмай жатып тоқырап тұратын кәсіпорындардың саны көп болуы мүмкін екені байқалды.
Облыста индустриаландыру картасына 170 жоба енсе, соның биыл 103-і жүзеге асуы тиіс. Республикада іске асқан жобалар жөнінен ел аумағының үштен бірін қамтимыз деп құлақшынды көкке атқанымызбен, тілді тістер тұс тағы жылт етті. Олай дейтініміз, шүріппесін басып қалсаң, іске қосыла кетуі тиіс осы 103 жобаның 33-і көп өтпей ақ тоқтап қалуы мүмкін екен. Көш басында — Шымшаһар. Мұнда 23 жобаның 8-інің тағдыры бұлыңғыр.
15-мамыр күні біздің облысқа жасаған сапарында Елбасының да алаңдаған алғашқы мәселесі осы еді. Президент ендігі жобалардың да алдыңғыларының кебін киіп қалмауына күмәнмен қарайтынын көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Зауыт салынды, ақша бөлінді. Жұмыс істемейтін болғаннан кейін басынан шұғылдану керек. Астанаға барып шештіңдер. Ондай қарызды алып, зауытты салып, жұмыс жүргізбейтін кәсіпкерлердің не керегі бар? Істемейтін болса, басқа біреуге беру керек. Оларға қарап отыруға болмайды.»
Расында да көп жобаның «көктемей» жатқанының субъективті салдары бар болып шықты. Бірінің құжаты түгел болмаса, екіншісінің техникасы жетіспейді дегендей. Осындай сыныққа сылтау тапқан басқарма басшылығының сөзінен «кезінде көк жалауын көтеріп қойып», индустриаландыру картасына енгізіп жіберген комиссияның жұмысы облыс әкімінің күдігін туғызды.
Енді кәсіпорынның тамыры үздіксіз соғып түру үшін жұмысты жүйелендіру керек. Ол үшін облыс әкімі жауапты мамандарға барлық кедергілер бойынша өндірістік кесте жасап, талдауды тапсырды.