Қазақстандықтар шетел асып демалғанды жақсы көреді. Мұны статистикада дәлелдеп отыр. Былтыр 10 миллионнан астам отандасымыз жазғы демаласын өзге елде өткізген. Осындай олқылықтарды болдырмас үшін отандық туризмді дамыту жолға қойылуда.
Осыған орай «Сарқылмайтын саяхат» туристік жәрмеңкесі Оңтүстікте ұйымдастырылып, қазақстандық демалыс аумақтары таныстырылды. Өзімізде де өзгелерден кем түспейтін демалыс орындарының көп екеніне жиналған жұртшылық көз жеткізді.
Көрме орталығына еліміздің түкпір-түкпіріндегі демалыс орындары мен табиғи қорықтардың, ұлттық парктің өкілдері жиналған. Әр өңір өзіндік ерекшеліктерін таныстырып бағуда.
Солардың бірі — Қостанай облысындағы «Наурызым» қорығының өкілдері. Олар көркем табиғат бейнеленген суреттері арқылы көпшіліктің назарын аударып, Еуразия аймағындағы ең көне қорыққа қонақ болуға шақырды. Торғай даласында демалудың құны қалта көтерерлік дейді қостанайлықтар.
Мария Зейнилова, «Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығының өкілі: «Бізде неше түрлі қонақ үйлер бар. Бағасы қымбат емес. Шымкенттіктердің қалтасы көтереді деп ойлаймыз. Келіңіздер, «Наурызым» қорығындай көрікті де сұлу табиғатты тамашалауға және оның тіршілік тынысымен танысуға шақырамыз.»
Оңтүстіктің бар байлығын бойына сіңірген қорықтардың бірі — «Ақсу-Жабағылы» табиғи қорығы. Туристік-экологиялық экскурсияға арналған 10 өзіндік ерекшелігі бар қорықта жыл сайын 10-15 мың адам демалады екен. Кіші қайыңды сарқырамасы, Көксай көлдерінің аңғарлары, Қасқабұлақ шыңындағы тасқа түскен суреттер кез-келген жанның көңіліне шығады.
Әр өңірдің туристік саласынан хабардар ететін жылжымалы «Сарқылмайтын саяхат» туристік жәрмеңкесі осымен сегізінші рет ұйымдастырылуда. Алғаш рет 2007 жылы Оңтүстіктен бастау алған іс-шараны биыл республикалық туристік комитет емес, Оңтүстіктің өзі өткізуді мойнына алыпты.
Облыстық туризм басқармасының басшысы бұл іс-шараны ұйымдастыруға 5 миллион теңге жұмсалғанын алға тартты. Ал өзге өңірлердің жәрмеңкеге қатысуын респуликалық туризм комитеті қадағалапты.
Айтпақшы, жәрмеңкеде шетелдің азаматтары да жүр. Жыл сайын Қазақстанның әр өңірінде демалатын канадалық Жанетта Морен Оңтүстіктің табиғатын жақсы көреді екен.
Жанетта Морен: «Қазақстанға ең алғаш келгенімде Шымкентте болғанмын. Одан соң Павлодар, Алматы, Өскеменде болдым. Бірақ, жаным Шымкентке тартады да тұрады.»
Айта өтейік, былтыр біздің елге 6 миллионнан астам шетелдің азаматы келіп, дем алған.