Пияз — 105, ал құмшекер — 165 теңге. Тұрақтандыру қорынан босатылып жатқан қант пен пияздың бағасы тағы қымбаттады. Ал картоп пен ұнда өзгеріс байқалмайды. Картоптың келісі 73 теңге болса, ұнның қапшығы 2500 теңгеден сатылып жатыр.
Шымкенттегі әлеуметтік сауда орындарында әдеттегідей ұзын-сонар кезек. Алайда сатылымдағы тауарлардың бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұрын келісі 150 теңгеден сатылған қантқа 15 теңге тағы қосылған. Пияздың да бағасы ұшып тұр. Өнім бақандай 35 теңгеге қымбаттапты.
Бейсенгүл апа, қала тұрғыны: «Картоп сол бұрынғы нарқында сатылып жатыр. Ал қант тағы көтеріліп кетіпті. Келісі 165 теңгеден дейді. Тұр ғой дүкеннің өзінде қант 170 теңгеден сатылып. Сондағы айырмашылық 5 теңге ғана ма? Ал пияздың өзі базармен бірдей баға болып кеткен. Келісін 105 теңге дейді.»
Азық-түлік бағасындағы өзгерістің себебін сатушы да білмейтін болып шықты. Әсіресе, бізді қызықтырған пияздың құны болатын.
Қайрат Шалбаев, сатушы: «Пияз бағасының көтерілгеніне 10-15 күн болды. Өйткені базардағы пияз 150 теңгеге шықты ғой. Сосын қымбаттатқан шығар, білмеймін. Ал құмшекерді 165 теңгеден сатыңдар деді. Өткен сейсенбіден бері сатып жатырмыз. Ал ұн мен картоп сол қалпында. Біз айтқан тапсырманы ғана орындап жатырмыз. Басқасын білмеймін.»
Өзбекстанмен арадағы шекара жабық. Тұрақтандыру қорындағы тауарлардың қымбаттауына әкелген осы жағдай. Меркеден тасымалданып жатқан қант та бұрынғыға қарағанда қымбат бағамен келіп жатыр екен. Ал негізгі себеп жаңа тауарлардың маусымдық құнының жоғарылағандығы дейді қор төрағасы.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=P9yU_Zq4QWc[/youtube]
Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Өткен 4 жылды зерделеп қарадық. Сәуір-мамыр айларында жаңа картоп, жаңа сәбіз, қырыққабат сөрелерге шыққандықтан, жаңадан шыққан тауарлардың бағасы өте жоғары. Бұл осы айдың басынан бастап шықты. Қазіргі таңда төмендеп келеді. Осы үш тауарға орта бағаның көтерілгенінің бір себебі де сол.»
Қазір осы мәселелерді ретке келтіру үшін облыс әкімдігі түрлі келісімдердің жасалып жатқанын айтады. Дәл қазіргі таңда тұрақтандыру қорына 500 тонна картоп, 3 мың тонна шекер және пияз келе жатыр екен. Бастысы, мамыр айының орта тұсына таман баға түсетін көрінеді. Өйткені, жаңа тауарлардың көлемі өсіп, нарықта бәсеке күшейеді дейді мамандар.