Шымкентте дауыл 4 күннен бері тыйылмай тұр. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы қалалық әкімдік пен төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметтері хабарлады. Қала әкімдігі мен төтенше жағдай департаменті жанынан құрылған арнайы штаб күні-түні кезекшілік етеді. Осыған байланысты қоғамдық іс-шаралар да уақытша тоқтатылған. Саябақтар жабық.
Үш ауданда апаттық топтар құрылды. Сондай-ақ, қаладағы барлық саябақтар мен саяжолдар да жабық. Сақтық шарасы ретінде қала сыртындағы шағынаудандардың басым бөлігінде электр жарығы сөндірілген. Қала әкімдігі мұндай қолайсыздыққа тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұрап отыр.
Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары: «Үш ауданда да штаб құрылды. Апаттық жағдайдағы топтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін қалада дауылға байланысты бір адам өлімі тіркелді. «Нұрсәт» шағынауданындағы 5 көпқабатты үйдің шатыры ұшып кетті. Сондай-ақ, екі әкімшілік ғимарат шатырсыз қалды. Оның бірі «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының ғимараты болса, екіншісі — политехникалық колледж. Әсіресе, көліктерді ағаш басып қалу оқиғасы жиі тіркелуде. Сондықтан көлікті ашық жерге қоюларыңызды сұранамыз. Зақым келген көліктің шығынан сақтандыру компаниялары өтеулері тиіс.»
Жауапты саланың қызметкерлері хабарласқан барлық адамдарға көмек беріп үлгере алмай жатыр. Электр жарығы көп жерде жоқ. Соның кесірінен көшелердің қиылыстарындағы бағдаршамдар істемей, көлік кептелісі жиі орын алуда. Ағаштар құлап, көліктерді басқан бірнеше оқиға тіркелді. Үзілген сымдар мен ұшқан шатырлар көп.
Осыған байланысты төтенше жағдай департаменті облыс тұрғындарын барынша сақ болуға шақырады. Алдағы күндері жел бұдан да күшейіп, жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Фотолардың авторы — Өмір Шыныбекұлы