Қазақстан халқының достығы күнін Шымкент жастары қызу тойлады

1  мамырҚазақстан — татулық пен бірліктің мекені. Осылай деп аталатын игі шараны «Шымкент жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесі биыл тұңғыш рет ұйымдастырып, ұлттар достығын нығайту мақсатындағы мерекесін шаһардағы Абай саябағында өткізді.

15 ұлттық мәдени орталықтың өкілдері думандатқан іс-шара екі кезеңнен тұрды. Бірінші шарт бойынша әр ұлт өз тілінде би билеп, мың бұралса, екінші кезең бойынша әр ұлыс ана тілінде әннен шашу шашты. Абай саябағында өткен іс-шара жастарға арналғанымен, бұл тамашаны қызықтаушылар аздау болғаны рас. Дегенмен, шараны биылдан бастаған «Шымкент» жастары келер жылы мұнан да үлкен аудиторияны қамтуға уәде етті.

Тілі бөлек болса да, тілегі бір… Денін жастар құраған мерекелік шараға аға буын өкілдері де атсалысты. Барлығының басты мұраты бір. Ол тәуелсіз Қазақ аспанындағы мамыражай өмірді мұнан әрмен де мәңгілікке сақтауға серттесу. Жастарға осыны ұқтыру. Өйткені, еліміздегі 140-тан астам ұлт пен ұлыстың негізгі мақсаты — суын ішіп, топырағына аунаған құтты мекенге адал болу.

Дмитрий Клуми, Поляк ұлтының өкілі: «Мен Қазақ елінде өмір сүретінімді мақтан тұтам. Өйткені, береке тұрақтаған елде өзге елдерге үлгі боларлықтай тыныштық. Мамыражай өмір. Тек, көз тимесін. Осы сәтті пайдалана отырып мен барша отандастарымды ынтымақтастық күнімен құттықтаймын».

Сыйға сый. Кеш соңында татулықты ту еткен отандастарымызды ұйымдастырушылар тарапы да разы етті. Мерекеге қатысқан әрбірі арнайы дипломмен марапаттап, кәдесыйын да ұмыт қалдырған жоқ. Айтақшы, Шымкент жастарының ұйытқы болуымен өткен шара мұнан былай дәстүрлі шараға айналмақ.