Жастар науқас сәбидің еміне қаржы жинады

190

Қайрымдылық жасаудың жаңаша үлгісін жастар көрсетті. Олар лейкоз ауруына шалдыққан 3 жасар бүлдіршіннің еміне қаржы жинады.

Жастайынан ақ қан дертіне шалдыққан Әділ Сарыбаевты Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері емдеуге бел буып отыр. Алайда ол үшін 120 мың доллар керек. Қажетті қаражатты жинау үшін шымкенттік жастар Мега орталықтың алаңында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Мектеп оқушылары өздері пісіріген тәтті күлшелері мен қолдан жасаған түрлі бұйымдарын сатты.

Айгерім Нұрлыбаева, «Өмір сыйла» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «Кез келген адам қайрымдылыққа екі қолын көтеріп келіседі деп ойлаймыз. Әділ Сарыбаев қазір Кореяда жатыр. Оның еміне қажетті 120 мың доллардың 111 мыңын еліміздің түкпір-түкпірінде өткен осындай акциялар арқылы жинадық. Бүгін қалған 9 мың долларды жинаймыз деп ойлаймын.»

Жастар ұйымдастырған қайрымдылық жәрмеңкесінен қаламыздың жомарт жандары тыс қалмады. Кәсіпкерлер көмек қолын созса, «Тұрғын үй-жинақ банкінің» өңірдегі филиал ұжымы қомақты қаржы аударды.