Шымкентте соңы қайғылы аяқталған жол апаты орын алды. Жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті. Соның салдарынан зардап шеккен адам оқиға болған жерде тіл тартпай кетті.
Түнгі сағат 10-дар шамасында полицияның кезекші бөліміне Ерімбетов көшесінен суыт хабар түседі. Қоңырау шалғандар осында бір жаяуды көлік қағып кеткенін айтады. Оқиға орнына жол-патрульдік полициясының экипажы тез жетті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bS_TDx2czKA[/youtube]
Куәгерлердің айтуынша, БМВ-520 автокөлігі Ерімбетов көшесімен төмен қарай түсіп келе жатқан екен. Сөйтіп, «Тараз» және «Сайрам» шағынаудандарының арасына жеткен сәтте қараңғы жерде көліктің алдынан жаяу жүргінші шыға келіпті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NlANS57B-FA[/youtube]
Жүргізуші оқиға болған жерден қашып кеткен жоқ. Оның полиция қызметкерлеріне түсіндіруінше, қараңғы жерден жаяу жүрінші шыға келіпті. Жүргізуші көлікті қанша бұрғанымен, қағып кетеді. Сөйтіп, БМВ бірнеше рет аударылған. Содан кейін жолдың шетіндегі трансформатор дүңгіршегіне соғады. Жүргізушіні қауіпсіздік белдігі сақтап қалыпты.
Анық болғаны — көліктің астында түсіп, мерт болған адам — Өзбекстан азаматы. «Тараз» шағынауданындағы учаскелердің бірінде жұмыс істеп жүр екен. Сол түні дүкенге барып келуге шықса керек. Алайда, үйіне қайтып жете алмады. Оқиға орнына сәлден кейін марқұмның отандастары мен ағасы да келді. Жігіт ағасы інісінің мүрдесінің басында отырып, жылап жіберді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7xGrHe8_hh0[/youtube]
Тәртіп сақшылары БМВ көлігінің рөліндегі азаматты тергеу амалдарын жүргізу үшін полиция бөліміне алып кетті. Ал көлігі ақылы айып тұрағына жеткізілген. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы тексерілу үстінде.