Құқық қорғаушылар қорғап жүр ме, қорлап жүр ме?

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы кезекті рет қоғамдық қабылдау өткізді. Азаматттардың арыз-шағымдары бұл жолы құқыққорғау саласындағы кем-кетістерге қатысты өрбіді.

Күлбала Рақышева
Күлбала Рақышева

Бәйдібектік Күлбала Айтбайқызы бір түнде қолды болған 10 жылқысының жайын айта келді қабылдауға. «Мал ашуы — жан ашуы». Тіршілігін төрт түліктен айырып отырған отбасы бір жылдан бері барымташыны таппай әлек. Ал жергілікті құқыққорғаушыларға деген сенімі әлдеқашан сейілген.

Күлбала Рақышева, Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылының тұрғыны: «Учаскелік полицей бұл туралы сол кезде-ақ білген. Таразға барып, жылқыларымды іздеген кезде де полиция бастығы «Қазір мен сені ұрының ұясына кіргізем» деп тұрып, тайғақтап қашып кетті кездескен адаммен. Ал біз учаскелік полицеймен базар аралап жүре бердік. Сол кезде Тараздың құқыққорғаушысы «Апай, сіздің «начальнигіңіз» босқа кетіп қалған жоқ. Бөліске кетті, «доляға» кетті. Бұл — ашылмайтын қылмыс» деді. Сол айтқаны рас болды. Міне, жылдан асты. Ашылмай жатыр қылмыс. Енді, міне, баратын жерге бара алмаймыз бұрынғыдай. Қосыла алмаймыз ешкімге. Бұрынғыдай бізді де адамсынатын ешкім жоқ. Қолыңда малың болмағасын, қадірің де болмай қалады ағайынға. Нашарлап бара жатыр жағдайымыз. Сосын жүгіріп жүрмін. Аудандық ішкі істер басқармасына сенбеймін. Бүгін мәселеңді шешеміз деді. Енді бар үмітім осы кісілерде.»

snapshot20140606184655

Осы сынды проблемаларды арқалап, қоғамдық қабылдауға жиырма шақты арызданушы келді. Әр бірінің басы үлкен дауға шатысқан. Бірі алаяққа алданса, екіншісі «Бізді қорғауы тиіс полицейдің өзі қорлап жүр. Ісіне немқұрайлы қарайды» дейді.

Жиында барлық мәселе бойынша қоғамдық қабылдау мүшелері жәбірленушілерге тиісті жауаптардың жолданатынын айтып, арызданушыларды сабырға шақырды. Және билік партиясы алдағы уақытта мұндай олқылықтарды болдырмас үшін жіті бақылаудың күшейетініне уәде етті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=pLFZEqPoleg[/youtube]

«Нұр Отан» партиясының кезекті қоғамдық қабылдауы келесі жұмада өтетін болады. Толғандырып жүрген мәселеңіз болса, әлеуметтік тақырыпқа арналатын қабылдауға алдын ала жазылсаңыз болады. Жетекші партия мүшелері осылай деп отыр.