Қарабура әулие кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласынан 257 шақырым жерде, Созақ ауданының Созақ ауылында орналасқан. Бір айта кететіні Қарабура әулие кесенесі 1997 жылы қайтадан жаңартылып салынған. Кесене ақ кірпіштен өрілген, әрқайсысы сегіз қырлы екі бөлмеден тұрады. Төбесі — күмбезді, бірінші бөлмесі 100 шаршы метр, төбесі ашық екінші бөлмедегі ескі кесене ХІV ғасырда тұрғызылған. Қарабура әулиенің зираты осы ескі кесенеде.
Ескі кесене шой тастан құралған, ірге тас үстіне қам қыш қаланып, қабырғалары саз балшықпен сыланған. Пішімі текше көлемді құрылыстың төбесі күмбезге айналған. Күмбездің жоғарғы жағында жарық кіретін төрт саңылау бар. Алдыңғы беті тегіс, жылтыр. Солтүстік жағындағы кіре берістегі екі қабырғасына төртбұрышты терең екі қуыс орнатылған. Төрт бұрышты бөлме ішіндегі белдеулеріндегі дуалда сүйір қуыс бар. Күмбез шатырлақ әдіспен өрілгені көрініп тұр. Ортасына қам қыштан құлпытас орнатылған.
Ескі кесененің оң жағында Құрбан ата сүйегі жерленген, басында белгі тасы бар. Оның жанында Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с), Арыс-тан баб, Қожа Ахмет Иассауи, Ысқақ баб (Баба ата), Баба Түкті шашты Әзіздің зираты басынан әкелінген топырақтар қойылған қара мәрмәр тас белгілер тұр. Ескі кесененің арт жағында Ақназар хан, Белгібай қажы, Шілмембет би, Құлтас би, Қожамқұл ғұлама, Дәулет-Қарабура батыр, Шахасум-ахун (шырақшы) сияқты белгілі адамдар жерленген, олардың бастарына қара мәрмәр тастар қойылған.
Кесененің биіктігі 17 метр. Есігі күн батысқа – Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қаратылған. Биік күмбез қышпен өрілген. Кесененің сыртында әлемдегі ислам діні әулие-ғұламаларына құрмет, тағзым деген тақырыпта орналастырылған пантеон (қорым) бар. Онда бүкіл түрік елдерінің белгілі тұлғаларының зираттары басынан топырағы әкелініп, олардың аты жазылған қара мәрмәр белгі тастар қойылған. Кесененің шығыс жағында қазақ халқының белгілі сазгері, күйші Сүгір Әлиевке күмбез орнатылған. Сол жағында Қарабура әулиенің түйесі шөккен жерге түйе мүсінінің ескерткіш белгісі бар.
Жасұлан Төлебеков, облыстық туризм басқармасы, туризмді кластерлік дамыту және инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:
– Оңтүстікте тарихи орындар көп. Соның ішінде Созақ ауданы, Созақ ауылында орналасқан Қарабура әулие кесенесіне зиярат етіп барушы қауымның қарасы қалың. Жалпы алғанда Созақ өңірі қазақтың тарихи шежіресінде ойып тұрып орын алатын мекен. Бұл ауданға барған жан Қарабура әулие кесенесімен қатар Ақбикеш мұнарасына да көз тікпей қоймайды. Келіншектау, Қызыл көл туристерді қызықтыратын аймақтардың бірі.
Қарабура әулие кесенесінің жалпы аумағы 240 шаршы метр. Қарабура (шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген) — оғыз-қыпшақ заманындағы діни қайраткер, әулие. Кіші жүздің Тама руынан шыққан. Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзендерінің бойында өмір сүрген. Қарабура сахара тұрғындарының арасында қалыптасқан өмір салттың шырқын бұзбай ислам дінін, оның наным-сенімдерін орнықтыруға ат салысқан кісі. Ол сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Иассауимен мүдделес болған. Қарабура аруағын иісі түркі жұрты құрмет тұтады. Оның Созақтағы кесенесі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға айналған.
Дәурен Әбдіраманов