Бүгінде облыста 300-ге жуық науқас бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегуде. Арамызда жүрек пен бауыр алмастыруды қажет ететіндері де баршылық. Ағзаға мұқтаж жандардың жағдайына алаңдаған «Үміт» қоғамдық бірлесітігі жалпақ жұртты донор болуға шақырады.
«Өмірді сақтап қалуға мүмкіндік бер. Бұл дүниеден озғасын ағзаңды пайдалануға рұқсат бер.» «Үміттіктер» мен өңірімізде трансплантация саласының баспалдақтарын бағындырып келе жатқан хирург-дәрігерлердің басқосуы осы тақырыпты қамтыды. Мақсат — адам ағзасын қажет ететін жандардың көп екенін жалпақ жұртқа ұғындыру.
Айта кетейік, бүгінде үш мыңдай науқас бүйрегін, бір мыңдай қазақстандық бауырын, тағы осынша адам жүрегін алмастыруға кезек күтіп жүр. Ал көптеген науқас дер кезінде донор табылмағандықтан көз жұмды. Оңтүстікте бүйрек трансплантациясына мұқтаждар саны үш жүзден асады. Сырқат жандарға көмек беруге донорлардың жетіспеушіліг қолайбайлау болып тұр.
Соған қарамастан елемізде органдық трансплантология бірте-бірте дамып келеді. Егер 2012 жылы 62 трансплантация жасалған болса, былтыр ота саны 173-ке жетті. Жыл басынан бері еліміз бойынша 60 трансплантациялық ота іске асырылды. Ал Шымкентте соңғы жылдары 26 адамның бүйрегі алмастырылған.
Олардың өмірін ұзартуға туыстары үлес қосты. Ал өздігінен ағзасын беретіндер жоқтың қасы дейді мамандар. Тағы 300-ге жуық науқас несеп түзетін осы органға зәру. Бұдан бөлек бауыр алмастыруды қажет ететін 30 және жүрекке мұқтаж 14 жан арамызда жүр.
Сондықтан бүгінде шет елдер тәжірибесіне сүйене отырып, өмірден озған жанның сау ағзасын өзгеге сыйлауын алдын ала қарастырудың маңызы зор. Мәселен, Испанияда әрбір екінші азамат қайтыс болған соң өз ағзасын пайдалануға келісім беріп қойған. Ол елде әрбір азамат жүргізушілік құжатын алғанда апат немесе басқа өлімге апаратын жағдайда жерлестерін құтқаруға өзінің қажетті органын беруге дайын екенін білдіретін келісім-шартқа қол қояды.
Ал АҚШ-та жыл сайын 10 000 бүйрек, 2000 жүрек, 4000 бауыр ауыстырылып салынатын көрінеді. Германияда өмір сүруге қажетті — жүрек, бүйрек, бауыр органдарын ауыстырып салу тізімінде 125 000 науқас кезекте тұрса, бір жылда 665 операция жасалынған. Ал Түрік елінде туыстық органдарға операция жасау дамыған. Қазір онда бір мезгілде қос органдар мен жүрек, бүйрекке ота жасау іске асырылуда. Иранда ақылы донорлық мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Енді елімізде осы саланың қарыштап дамуына үлес қосқысы келетін белсенділер донор жетіспеушілігінің түйінін тарқатататын түйткілдермен күресуге жұмылмақ.
Астана мен Шымкентте сауалнама жүргізген бірлестік мүшелері он мың адамның қырық бес пайызы өз органын мұқтаж жандардың пайдалануына қарсы болмағанын айтады. «Үміт» белсенділерінің бастамасын әсіресе, жаңашыл жастар қолдап отыр. Бірлестік президенті Мұрат Өскенбаев «Дені сау, жап-жас қаншама адам жол апатынан қайтыс болып жатыр. Егер солар көзі тірісінде кейін ағзамды пайдалануға қарсы болмаймын деп келісім беріп қойса, бір мәйіттің өзі органға зәру төрт-бес адамның өмірін ұзартқан болар еді. Сондықтан, біз мәйітті донорлыққа алу мәселесін кеңінен түсіндіруіміз керек» дейді.
Алайда белсенділер трансплантация саласы озық елдермен салыстырғанда бізде органға зәру қамкөңіл жандардың қабағына қарайтын донорлар аз екенін жасырмайды. Қалай дегенмен «Үміттіктер» донорлыққа сауатты көзқарас танытатын кез жетті деп біледі.
Айта кетейік, біздің елде органды саудалауға рұқсат жоқ. Сондықтан медицинадағы маңызды саланы дамытуды өркениетті жағдайда ғана қолға алу керек деп есептейді бірлестік мүшелері. Осы мақсатта бірлестік мүшелері «Донорлар күнін» атап өтіп, халықты бұл дүнеден өтерде өзгенің өмірін сақтап қалуға атсалысуға шақырмақ. Олар насихат жұмыстарын күшейту мақсатында алдағы уақытта дін өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізуге де әзір.