Әкімдер қайда демалады?

Күнделікті қарбалас тіршілік ешқашан біткен емес. Бірін бітірсең, екіншісі күтіп тұрады. Бірақ қанша жұмысбасты болсаң да, жаныңа жайлылық сыйлап, бойды сергіту үшін жылына бір рет демалысқа шығып тұрған жөн. Еңбек демалысына шығарда көбі алдын ала жос-пар құрып, демалыс орнын таңдап алады. Әрине, «кім ақы төлесе, сол музыкаға тапсырыс береді» демекші, әркім демалыс уақытын мүмкіншілігіне қарай әрқалай өткізеді.

24-004

 

«Халық қалаулысы» деген атқа ие болып жүрген әкімдердің жұмысы ел назарында болғанымен, олардың еңбек демалысын қайда өткізетінінен қарапайым халық бейхабар. Осы сауалға жауап алу үшін облысқа қарасты бірқатар аудан, қала басшыларына хабарласып, осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Әуелхан ТҰРҒЫМБЕКОВӘуелхан ТҰРҒЫМБЕКОВ, Төлеби ауданының әкімі:

– Еңбек демалысына әлі шыға қоймадым. Дәл мына күні шығамын деп те айта алмаймын. Себебі облыс басшысы тарапынан берілген тапсырмалар шаш-етектен, жұмыс қауырт. Шынымды айтсам, еңбек демалысы туралы тіпті ойлануға уақыт болмай жүр.

Былтырғы жылы отбасыммен Алматыдағы «Алакөл» санаториясында болғанмын.

 

 

Бақытжан ӘШІРБЕКОВБақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі:

– Биылдық-қа еңбек демалысына әлі шықпадым. Қазір оқу жылы аяқталып, оның үстіне алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығаратын шақ болған соң дәл қазір демалуға уақыт жоқ. Бірақ, жаздың ішінде еңбек демалысына шығуды жоспарлап отырмын. Сенесіз бе, осы уақытқа дейін Оңтүстіктен сырт өңірде демалып көрмеппін. Сондықтан да биыл Алла бұйыртса, Алматы, Астана секілді өзге аймақтардағы демалыс орындарының біріне отбасыммен баруды жоспарлап отырмын. Бұған дейінгі демалыстарда өз облысымыздағы табиғаты мен ауасы жанға шипа беретін «Сарыағаш» шипажайында, Төлеби ауданындағы «Біркөлік» демалыс аймағында болғанмын.

Салыхан ПОЛАТОВСалыхан ПОЛАТОВ, Отырар ауданының әкімі:

– Жұмыстың қауырт-тығына байланысты былтырғы жылы еңбек демалысына шығуға уақыт болмады. Биыл да демалудың сәті түседі деп айта алмаймын. Бірақ үміт бар. Тек әлі жоспар құра қоймадым. Жалпы еңбек демалыстарымда облыстағы бірқатар демалыс кешендерімен қатар, 2011 жылы «Бурабай», 2012 жылы «Қатонқарағай» демалыс орындарында болғанмын. Өзге облыстарға барудағы мақсат сол жақтың табиғатымен, халқымен етене танысу болды. Себебі кең байтақ жеріміздің тамаша жерлерімен қазақстандық кез келген азамат танысуға құқылы.

 

Ахмет ТАТЫБАЕВАхмет ТАТЫБАЕВ, Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі:

– Наурыз айының басы мен сәуір айының 21-ші жұлдызына дейін кезекті еңбек демалысында болдым. Жұбайыммен бірге «Сарыағаш» шипажайына бардық. Бұған дейінгі демалыстарымда да сонда болғанбыз. Шет елдерге де бардық.

Бала-шағам мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде жазғы демалысты міндетті түрде лагерьде өткізетін. Қазір олар есейді. Ұлым Алматы қаласында жұмыс жасайды, соңғы екі жылда еңбек демалысына шыққан емес.

Қызымның жұмысқа орналасқанына 7-8 айдай болды. Оған әлі еңбек демалысын алу ертерек.

Бауыржан ҚАЛЖАНОВБауыржан ҚАЛЖАНОВ, Шымкент қаласы,  Әл-Фараби ауданының әкімі:

– Еңбек демалысына шығу туралы әлі ойланбаппын, өйткені қазір жұмыс қызу.

Оңтүстік халқы, табиғаты жаныма жақын. Қазіргі қызметіме дейін Астанада еңбек еткен жылдары бас қалаға жақын орналасқан Бурабайға баруыма болады ғой, бірақ менің бүйрегім Оңтүстікке тартып тұратын. Демалысқа шықсам, міндетті түрде осында орналасқан сауықтыру орындарында боламын. Көршілес жатқан облыстардың да табиғатымен танысқанмын.

Балаларым мектеп оқушысы болғанда лагерьлерге жіберер едім. Өйткені сауықтыру орындарының бұл түрі мектеп жасындағы баланың жаңа достар табуына, өз ойын ашық жеткізе білуіне, жан-жақты болуына үлкен септігін тигізеді ғой. Олар әзірге балабақшаға барады. Сол себептен демалысты отбасымызбен бірге өткіземіз.

Ғалымжан ІЛИЯСОВ, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкіміҒалымжан ІЛИЯСОВ, Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының әкімі:

– Жүктелген тапсырмалар көп, сондықтан еңбек демалысы туралы әлі жоспар құра қоймадым. Бұған дейінгі демалыстарымда өзгелер секілді шипажайға барып немесе шет елге шыққан емеспін. Мен үшін ауылдан асқан демалыс орны жоқ.

Өзім Қазығұрт ауданының тумасымын. Әр демалысымда міндетті түрде ауылға ат басын бұрып, туған-туыс, сыныптас-достармен қауышу мен үшін дәстүрге айналған. Ал перзенттерім жазғы демалыс уақытын ауылда ата-әженің қасында өткізеді. Кей кездері қалада қасымызда болады. Қазір өздеріңіз білесіздер, ағылшын тілін меңгеру кеңінен етек жаюда, сол себептен балаларым қосымша сабақтарға барады. Кейде сенбі-жексенбі күндеріндегі демалысты пайдаланып, бала-шағамен бірге табиғаты тамаша таулы аймақтар Түлкібас пен Төлебиге бір күндік демалыс ұйымдастырамыз.

Түйін

Бір-бір аудан мен қаланың басшысы болып жүрген азаматтарымыздың көбі биылдыққа еңбек демалысын алуды әлі жоспарлай қоймапты. Бірақ демалысын өткізетін аймаққа бірқатары таңдау жасап та қойған. Айта кетерлігі, әкімдердің көпшілігі шенеунік атаулы баруға құмар «Бурабай» демалыс аймағынан гөрі Оңтүстік өлкесіндегі демалыс орындарын жөн көреді екен. Олардың бұл әрекетін өңірдің туризм саласының дамуына облыс тұрғыны ретінде тамшыдай үлес қосу деп санадық.

Сауалнаманы жүргізген – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ