22-маусым — Ұлы Отан соғысының басталған күні. Осы орайда Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Батырлар картасы» мазаратында сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.
Шымкенттегі госпитальде қаза болған жауынгерлер жерленген бұл жердің тазалығына қалалық тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты. Дегенмен, үйілген қоқысты тазалап, батырларға құрмет көрсетуді Еңбекші аудандық әкімдігінің қызметкерлері азаматтық борышы деп санап, тазалық жұмыстарын жыл сайын жүргізеді екен.
Досалы Амангельдиев, Еңбекші аудан әкімінің орынбасары: «Бұған дейін жылына бір рет, яғни, 9-мамыр қарсаңында ғана сенбілік өткізетінбіз. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша мереке қарсаңында тазалық жұмыстары жүргізілген болатын. Десек те бір айдың ішінде мазаратты шөп басып, аяқ жолдармен жүру мүмкін болмай қалды. Осы ретте Еңбекші ауданы әкімдігінің шешімімен тазалық жұмыстарын ай сайын жүргізуді қолға алып отырмыз. Күз айларында сенбілікке мектеп, колледж оқушыларын жұмылдыру жоспарда бар.»
Айта кетейік, бұл жерде Ұлы Отан соғысының 48 жауынгері жерленген. Соның ішінде Кеңес Одағаның бір батыры бар.