Қаламызда халықаралық бизнес академиясының өкілдігі ашылды

Шымкентте халықаралық бизнес академиясының өкілдігі ашылды. МВА бағдарламасы бойынша өткізілетін бизнес-оқытудың ерекшелігі — сабақтың 90 пайызы іс-тәжірибеде көрсетіледі.

Халықаралық бизнес академиясы

Еліміздің Астана, Атырау, Алматы қалаларында он шақты жылдан бері жұмыс істеп, енді Шымкенттен ісін бастағалы отырған өкілдік тұңғыш рет тәлім беру тәсілін қазақ тілінде жүргізбек.

Гүлнәр Күренкеева, Халықаралық бизнес академиясының МВА департаментінің директоры: «Шетелден алып келінген тәсілдер Қазақстанда бірден жұмыс істей қоймайды. Оны бізге бейімдеу қажет. Біздің артықшылығымыз — осы оқу-әдістерін қазақстандық нарыққа бейімдеп, кәсіптің түрлі қыр-сырын үйрете аламыз.»

Шымкенттің өзінен бұл оқытуға әзірге тек 15 адам ғана қатысуға құлықты болып отыр. Өйткені, бизнес-сабақтың өзі ақылы. Кәсібімді өрге дөңгелетем деген тәуекелшіл кәсіпкер 2 жылдық дәріске 2 миллион теңгеден астам қаржысын қиюы тиіс. Дегенмен, ширек ғасырдан бері нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан академия мамандары бұл ақшаңыз текке кетпейді дейді.

Осында оқылатын дәрістерге Тараз бен Қызылорда қалаларының кәсіпкерлері де тартылмақ. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының жүргізген сауалнамасына сенсек, біздегі бизнесмендердің 97 пайызы осы сабаққа қатысуға қызығушылық танытып отыр екен. Академияның мамандары арнайы әлеуметтік топқа жататын кәсіпкерлерді тегін оқытудың да жайын қарастыра аламыз дейді.

Біле жүріңіз, біздің облыста кіші және орта бизнесті дамытуға атсалысып жүрген 125 мыңға жуық кәсіпкер бар. Бұл — республикадағы кәсіпкерліктің 27 пайызын құрайды.