Қаракөл өсіруді жолға қою керек

Елімізде шұғыл арада қаракөл елтірісін өңдейтін зауыт салынуы қажет. Әйтпесе Шопан ата тұқымының осы түрі жойылып кетуі мүмкін. Олай дейтініміз, Кеңес кезінде жалпы саны 6 миллион 200 мың қойдан қазір 1 миллионға да жетпейтін, нақтырақ айтсақ, 950 мың тұяқ қалыпты.

Қаракөл елтірісі

Қаракөл басының 6 есеге дейін азайып кетуіне тоқырау заманы себеп. Әйтпесе әлемде қаракөл елтірісіне деген сұраныс әлі күнге жоғары. Қолда бар бірлі-екілі елтірінің өзін көрші Қытай мен Түркия елдері қоймай сатып алып жатыр екен.

Кеңес дәуірінде Қазақстан бойынша қаракөлдің елтірісін илейтін жалғыз зауыт Шымкентте болатын. «ҚазақИталҚаракөл» зауытында сол кезде жыл сайын мыңдаған елтірі алғашқы өңдеуден өтіп, жылына 2 миллион дана қаракөл тері шетел асатын. Ал қазір сол қызу жұмыстан ешқандай белгі де қалмаған. Алпауыт зауыт бірнеше мекемелерге бөлініп кетіп, жалға берілген. Мұнда қаракөл терісін илеп, ата кәсіпті жалғаған бір кәсіпорынды таппайсыз.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HrSxf-0BEps[/youtube]

Қолда бар түлікке иелік ету үшін еліміз бұрынғы зауытты қалпына келтіріп немесе жаңасын ашуы ләзім. Бұл ұсынысты бұрынғы қаракөл инститының мамандары жоғары жаққа бірнеше жылдан бері айтып келеді. Алайда, әзірге нәтиже жоқ. Егер зауыт ашылар болса, мал басының да көбеюі бек мүмкін.

Қаракөл елтірісі

Нұржан Әжіметов, Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры: «Бір елтірінің бағасы қазір шетелде 230-270 доллар тұрады. Есептесеңіз, ол 2 тонна астықтың бағасымен бірдей. Қаракүзен тонының бағасы, ары кетсе, 3-5 мың доллар тұрады. Ал қаракөлдің бір тоны Астанадағы дүкендерде 4-5 миллион теңгеге сатылуда. Яғни, 4-5 миллион теңгеге 3-4 қаракүзен тон алуға болады. Демек, қаракөлге деген сұраныс жоғары. Қазіргі кезде қаракөл терісін сатып алатын адамдарды шопандар іздейді. Бірақ, өте сирек. Әрі арзан саудаланады. Амал жоқ, босқа күйе жегенше дейді де саудасы келгенге сатады. Егер Шымкентте бұрынғыдай зауыт ашылатын болса, онда мал шаруашылығымен айналысатын шопандардың жағдайы дұрысталар еді.»

Қаракөл елтірісі

Қаракөлге деп арнайы қаржы бөлінбегенімен, институттың мамандары қарап отырған жоқпыз дейді. Жақында аталған түлікті будандастыру арқылы жаңа үш тұқым алыпты. Ал мемлекеттің бар көмегі «Агробизнес -2020» бағдарламасы аясында әр саулыққа 1,5 мың теңге субсидия беруден ары барып жатқан жоқ.