Бітірушілерді қыспаққа алған ҰБТ аяқталды. Оңтүстік Қазақстан облысында маусымның екінші жұлдызынан бастап, сегізіне дейін 18 809 оқушы сынақ тапсырды. Биыл мектепті 32 860 түлек тәмамдаса, оның 40 пайызы ҰБТ тапсырудан бас тартқан.
Яғни, 14 мың оқушы сынақ тапсырмады. Ал тест тапсырған 18 809 бітірушінің 1870-і 100 балдан жоғары жинаған. 125 балды екі оқушы қанжығасына байлады. Олардың бірі — Ордабасы ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің оқушысы Ұлпан Ержанова, екіншісі — Шымкент қаласындағы №23 мектеп-лицейінің оқушысы Шахзода Ахметжанова.
Сондай-ақ, 123 балл жинаған оқушылар саны — 11. Шымкент қаласынан — 6 оқушы, Мақтаарал ауданынан — 3, Арыс қаласынан — 1, Ордабасы ауданынан 1 оқушы 123 бал жинап, білімдерін дәлелдеді. Алты күндік білім сайысы кезінде 1943 бітіруші межеге жете алмады.
Сонымен, облыстың биылғы орташа көрсеткіші — 74,5 ұпай болды. Бұл — өткен 2013 жылмен салыстырғанда 2 балға артық. Ал 2012 жылғы қорытындымен салыстырсақ, 7,6 балға жоғары.
Облыстық орташа көрсеткішінен жоғары көрсеткішті Кентау қаласының оқушылары жинап отыр. Кентауда мектеп бітірген 702 оқушының 421-і ҰБТ-ға қатысып, 88,6 балмен биыл тағы көш бастады. Екінші орында Түркістан қаласы — 81,6 балл, үшінші орында Шымкент — 80,1 балл. Ал Созақ ауданының орташа балы — 61,5. Бұл — облыстағы ең төменгі көрсеткіш.
«Алтын белгі» белгісіне үміткер 1131 оқушының барлығы тестілеуге қатысып, 430 оқушы өз білімін дәлелдеп шықты. Биыл «Алтын белгінің» саны өткен жылмен салыстырғанда 93-ке, ал 2012 жылмен салыстырғанда 192-ге артық. Яғни, биылғы көрсеткіш жоғары болып тұр.
Айтпақшы, Мақтаарал ауданындағы Б.Момышұлы мектеп-гимназиясының «Алтын белгі» белгісіне үміткер 38 оқушының 27-сі сенімді ақтады. Осымен екінші жыл қатарынан өңіріміздегі ең жоғары көрсеткішті дәл осы мектеп бітірушілері иемденіп отыр.