Ардагер жайлы баспанаға мұқтаж

233

Таскешулік Ұлы Отан соғысының ардагері Ақылтай Сейілбек жайлы баспанаға зәру. Осыдан  50 жыл бұрын тұрғызылған үйді қатты жел мен жауын-шашын тіпті ескіртіп тастапты. Ардагер атайдың келіні Гүлжан ескі үйді жамап-жасқаймын деп әбден есім шықты дейді.

000Қас қылғанда биылғы жаздың күн райы да қараспай тұр. Табиғаттың тосын мінезі әулетті әбден әуре-сарсаңға салыпты. Нөсер жауын сылап-сипаумен әрең тұрған баспананың қабырғасын құлатып, іргетасын сөгіп кеткен. Мүжілген баспалдақтар жөндеуге де келмейді.

Қытымыр қыстан қысылып шыққан қария жаздың жайма-шуағына әрең жеттім-ау дегенде есік-терезеден уілдеген желдің өті атайды қалың көрпенің астына қайта қамады. Осылайша сұрапыл соғыс жылдарында майданда қан кешкен ардагердің бейбіт өмірде де жайы болмай жүр.

Баспана бағасының шарықтап тұрғанын атай жақсы біледі. Алайда, ардагердің ендігі өмірімді жайлы, жылы баспана сүрсем деген ниеті бар.

Жағдайы мүшкіл отбасының баспана тауқыметі жергілікті билікке де жақсы таныс. Алайда, бұл мақсатқа қаралған тиісті қаржының жоғынан атқамінерлер демеушілердің көмегіне жүгінбек. Жергілікті билік осыдан елу жыл бұрын салынған үйдің құрылысымен танысып шықты. Енді ардагердіңердің көнерген үйін жаңалап беруге уәде беріп отыр.

Құрылысшылар жуырда іске кіріседі. Әзірге қолдан келер көмек осы. Себебі, мемлекеттен берілетін жаңа баспанаға қол жеткізу үшін Сейілбековтер құзырлы орындарға өтініш білдіруі тиіс.