Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) аз ұлттардың құқықтары жөнiндегi Жоғарғы комиссары Астрид Турс бастаған делегация өңiрiмiзге арнайы iссапармен келдi. Мәртебелi меймандар алдымен облыс әкiмi Асқар Мырзахметовпен кездестi.
Алдымен көпұлтты өңірдің өзгелер алдында мәртебесі биік екенін тілге тиек еткен Жоғары комиссар облыстағы мемлекеттік тілден басқа өзбек тілінде білім беретін мектептердің жәйін көбірек қозғады. Оны әсіресе, осы тілде білім беретін мұғалімдердің дайындығы, оған қатысты тиісті басқармалар, бөлімдер қандай шаралар жүргізетіні, балалардың өз ана тілінде толыққанды білім алуына қаншалықты мән берілетіні қызықтырды.
Аталған жұмыстарға облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Әлеуметтік саланың негізгі бөлігін құрайтын білім беру , ондағы нысандардың жаңалануында соңғы жылдары ілгерілеушілік басым. Бұл ретте цифрларға қаныққан Астрид ханым облыс орталығының аумағына енген Сайрам ауылданының елдімекендері, олардың жағдайы туралы көбірек білгісі келді.
Дәстүр бойынша, қонақкәде жасалған соң да, Жоғарғы комиссар облыс басшысымен ары қарай әңгімелесуден бас тартпайтынын байқатты. Өзін қызықтыратын тұстың көп екен. Ал бұл кезде арнайы делегацияны келесі залда облыстағы этномәдени орталықтардың басшылары күтіп отыр еді. Астрид Турс өңірдегі ұлттардың татулығы мен ынтымақтастығы бағытында жасалып жатқан жұмыстарды орталық төрағаларының өзінен естіді.
Астрид Турс, ЕҚЫҰ аз ұлттардың құқықтары жөнiндегi Жоғарғы комиссары: » Бiздердi елдерiңiздiң ұстанып отырған саясатының жергiлiктi жерлерде жүзеге асырылу барысы қызықтырады. Әсiресе, бiлiм саласы, балабақшаларда жұмыстардың ұйымдастырылу мәселелерi дегендей. Сондай-ақ, көптеген этнос өкiлдерiнiң ана тiлi мен салт-дәстүрлерiнiң сақталуын қамтамасыз ете отырып, олардың қазақстандық қоғамға кiрiгу үдерiсiнiң қалай iске асырылып жатқаны да үлкен қызығушылығымызды тудыруда. Сондықтан этномәдени орталықтардың өкiлдерiмен кездесу жоспарымызда бар».
Ұлтаралық келiсiм мен полимәдениеттi дамытуда Қазақстанның ұстанған саясаты көпшiлiкке мәлiм. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында-ақ елiмiздегi этносаралық татулық пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлкен мән берген Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы атты бiрегей институт құру туралы шешiм қабылдады.
Жалпы, этносаралық келiсiмдi нығайту және полимәдениеттi дамыту бағытында мемлекеттiң саясатын осы құрылым жүзеге асырып келедi. Бұл институттың елiмiздiң барлық облыстарында филиалдары бар. Сонымен қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасы қабылданған. Ұлтаралық келiсiмдi сақтауға қатысты мәселелердiң барлығы осы құжатта толығымен көрiнiс тапқан.
Бүгiнде облысымыздағы халықтың саны 2 миллион 700 мыңнан асады. Оның 2 миллионға жуығын немесе 72 пайызын қазақтар құрайды. 17 пайызы, яғни 450 мыңы өзбектер. 130 мыңнан астамы орыстар болса, 30 мың әзiрбайжандар және осыншама тәжiктер бар. Ал қалған этнос өкiлдерi бiр пайызға жетпейдi. Десек те, өңiрiмiзде 100-ден астам этнос өкiлдерi тату-тәттi өмiр сүруде. 20 этномәдени орталық жұмыс жасайды. Олардың барлық аудан, қалаларда филиалдары бар. Осы этномәдени орталықтардың жанынан құрылған 11 жексенбiлiк мектепте этнос өкiлдерiне өз ана тiлi мен салт-дәстүрлерi үйретiледi.
Сонымен қоса, бұл жерлерде қосымша мемлекеттiк тiл де оқытылады. Этномәдени орталықтар мен жергiлiктi атқарушы билiк арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған. Қандай мәселелер болмасын, бiрлесе отырып шешiм қабылдаймыз, – деген облыс басшысы ЕҚЫҰ өкiлдерiн бұл бағытта өңiрiмiзде жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кездесу барысында делегация жетекшiсi өңiрiмiздегi өзбек мектептерi санының азаюына алаңдаушылығын бiлдiрдi.