«Оңтүстік Рабат» газеті ұйымдастырған «Балалы үй-базар» фотобайқауына көптеген фотосуреттер келіп түсті. Дегенмен, көбі сапасы жағынан төмен әрі байқаудың басты талабына (бір отбасында кемі 4 ұл-қыз болуы керек) сай келмегендіктен, газет бетінде жарияланбады. Газетте жарық көрген 6 отбасы балаларының суреттері арасынан жүлдегерлерді анықтау арнайы комиссияның құзіретіне берілді. Айта кетейік, комиссияға тәуелсіз сарапшы ретінде белгілі фототілші, ардагер-журналист Әбдіуәлі Розметов төрағалық етті.
Сонымен, «Балалы үй — базар» байқауының жеңімпаздары:
І орын: Аружан, Әсел, Ұлмира, Жанерке Бекхожаевтар (№8, 19-ақпан, 2014)
Бекхожаевтардың отбасында Аружан, Әсел, Ұлмира, Жанерке есімді қыздар желкілдеп өсіп келеді. Олар ата-анасының бары да, нары да. Аружан — 10, Әсел — 6, Ұлмира — 5, Жанерке — 1 жаста. Аружан мектепте үздік оқушы. Сабағында оқиды, үй шаруасын да дөңгелетеді. Өзінің артынан ерген сіңлілеріне қамқор болып, анасына қолынан келгенше көмектеседі.
ІІ орын: Нұрислам, Еңлік, Нұрғиса, Мұслима Мекембай әулеті (№6, 5-ақпан, 2014)
Мекембай әулетінің кішкентайлары — Нұрислам, Еңлік, Нұрғиса, Мұслима. Олар Шымкент қаласы, «Қайтпас-1» шағынауданында тұрады. Біздің фотобайқауымызға өздерінің суреттерін жолдай отырып, «Біздің басты мақсатымыз — білімді, жан-жақты азамат болып өсу» деген армандарын жазып жіберіпті.
Ақдидар, Құралбай, Ақниет, Нұрбақыт, Ерасыл, Еркежан Сман отбасы (№19, 7-мамыр, 2014)
Ақдидар Сман өзінің бауырлары Құралбай, Ақниет, Нұрбақыт, Ерасыл, Еркежанмен бірге топтасып түскен суреттерін жібере отырып, арман-тілектерін де қоса жазып жіберіпті. Он екі жасар Ақдидар өскенде мұғалима болғысы келеді екен. Ал 8 жасар Құралбай Ермек Серкебаев атасы сияқты әнші болуды армандайтын көрінеді. Алты жасар Ақниеттің арманы білікті дәрігер атану болса, ойын баласы Нұрбақыт өскенде Отанын қорғайтын сарбаз боламын дейді. 2 жасар Ерасыл мен бесіктегі Еркежанның да аға-әпкесіне қарап бой түзеп, жақсы азамат болатынына сенімдіміз.
ІІІ орын: Аружан, Мөлдір, Бақнұр, Дарын, Нұрмұхаммед Жарлхандар отбасы (№23, 4-маусым, 2014)
Ордабасы ауданы, Қайнар ауылында тұратын Жарлхандар отбасында бес ұл-қыз өсіп келеді. Аружан М.Әуезов атындағы орта мектептің 6-шы, Мөлдір 4-ші, Бақнұр 1-сыныбын аяқтады. Дарын дайындық тобына баруға дайындалып жүрсе, кішкентайлары Нұрмұхаммет 2-ге толады. Олар бір-біріне қамқор, өнерлі. Мөлдір көркем гимнастика үйірмесіне қатысып жүр. Аружан би билейді. Оқу жылын сәтті аяқтап, жазғы демалысты қызықты өткізуді ойластыруда.
Бекайдар, Бекарыс, Бейбарыс, Жанарыс Пірәлиевтер (№11, 12-наурыз, 2014)
Олар Шымкент қаласындағы «Айқап» шағынауданында тұрады. Бекайдар — 10 жаста. Үйінің тұңғышы, ата-әжесінің ерке немересі. Соңынан ерген інілері Бекарыс — 8, Бейбарыс — 6, Жанарыс — 4 жаста. Олар ата-анасының қолқанаты, қамқоршысы, мақтанышы.
Ынталандыру сыйлығының иегерлері — Жауқазын, Мансұр, Әрсен, Еркежан Базарбековтер әулетінің кішкентайлары (№15, 9сәуір, 2014)
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YiuiKZvuIgs[/youtube]
Шымкент қаласы, Тассай елдімекенінде тұрады. Жауқазын — 8, Мансұр — 6, Әрсен — 4, Еркежан — 1,5 жаста. Фотобайқауымызға суретін жолдаған Жауқазын бойжеткенде «Қазақ аруы» атанғысы келетінін жазып жіберіпті. Ал Мансұр мен Әрсен «Өскенде білімді де білікті маман болғымыз келеді» деп қысқа қайырыпты. Сондай-ақ балақайлар хатта «Біріміз — бәріміз үшін, бәріміз — біріміз үшін» деген қағиданы мықтап ұстанатынын жасырмапты.
Жеңімпаздардың барлығы редакцияның бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Құттықтаймыз!