Полицей мал ұрлығымен айналысқан топпен сыбайлас болған. Бұған дейін айтқанымыздай, ішкі істер департаментінің қызметкерлері Еңбекші аудандық полиция бөлімінде қызмет еткен «погонды барымташыны» тұтқындаған болатын. Ұрлықты болдырмаудың орнына оны өзі жасап келген сақшының соңғы сот отырысы қалай өтті?
Қылмыстық топқа «қамқоршы» болған Мақсат Қырықбаев сақшы бола тұра заңсыз әрекетке жол берген. Барымташылар бір ғана Ордабасы ауданы тұрғындарының 60-тан астам жылқысын ұрлаған. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 11 миллион теңгеден асып кетеді.
Күдіктілер ұрлықы малды «КамАЗ» жүк көлігіне тиеп, Түркістан қаласының мал базарына апарып пұлдап жүрген. Сорақсы сол — Еңбекші аудандық полиция бөлімінің 24 жастағы аға лейтенантының үш бірдей мал ұрлығына қатысы бары мәлім болды. Сонымен, бес күдіктіге қатысты сот отырысы аяқталып, үкім шықты. Ұрыларды ұстаудың орнына қамқоршы рөлін алған сақшы бірнеше бап бойынша айыпты деп танылды.
Жәнібек Сейтжаппаров, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Қылмыстық кодекстің 58-бабын басшылыққа алып отырып, қатаңдығы жеңіл жазаны неғұрлым ауырлататын мән-жай ретінде сіңіру жолмен түпкілікті мүлкін тәркілеп, құқық қорғау саласынан құқыр қорғау міндетінен 5 жылға айырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын.»
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Сайрам мен Ордабасы ауданының 42 және 18 жас аралығындағы тұрғындары. Бесеудің бірін судья сот залынан босатып жіберді.
[youtube]www.youtube.com/watch?v=oxQ5YGeBlB8[/youtube]
Самат Сейітов — бес жыл алты айға , Оралхан Асан — жеті жылға , ең ауыр жаза — тоғыз жыл Оралханның бауыры Болысбек Асанға қатысты шешім шығарылды. Үкіммен келіспеген тарап 15 тәулік аралығында апеляциялық шағым беруге құқылы.