Бүгін Оңтүстіктің баспасөз қызметкерлері арасында спартакиада басталды. Спорттың сегіз түрі бойынша өтетін жарыста 12 команда сынға түсуде. Олардың арасында «Отырар» телеарнасының жастары да бар. Биыл алдыңғы жылдарға қарағанда жаңадан ашылған ұйымдар да қатысуға ниет білдіріпті. Бұл спартакиада шеңберінің кеңейіп отырғанын айқындаса керек.
«Отырар» телеарнасының жанкүйерлері әріптестерін қолдауға жиналды. Саны аз болғанымен, бар дауыспен айқайлап, командаға қолдау көрсетті. Отырарлықтар алғашқы ойынын Қазығұрттың әуесқой волейболшыларымен өткізді. Алғашқы партия жастар үшін аса сәтті болмады. Ұпай саны бойынша жеңілдік.
Екінші партияда отырарлықтар бірлесіп, дайындық бар екенін аңғартты. Оның үстіне жастар құрамасы волейболға ұзақ уақыттан кейін биыл алғаш рет қатысып отыр. Екінші партияда «Отырардың» ұжымы таразы басын теңестіре білді. Дегенмен, үшінші таймда жеңілістің ащы дәмін таттық.
Биыл волейболдан сынаққа тоғыз команда қатысты. Олар үш топқа бөлінген. Арасында өткен жылдың чемпиондары да бар. Әр команда екі ойыннан ғана өткізуге мүмкіндік алды. «Отырар» телеарнасының командасы екінші кездесуін «Оңтүстік Қазақстан» газетімен өткізді.
Екі партияда айқын басымдылықпен отырарлықтар жеңіске жетті. Нәтижесінде біздің команда өз тобында екінші орыннан көрінді. Ал бас жүлдеге «Қазақстан- Шымкент» командасы иелік етті. Екінші орынды — «Ернияз», ал үшінші орынды «Қазығұрт» құрамасының волейболшылары алды.